Қазақстан - Қытай: Бізге үрей мен сенімсіздік емес, парасатты ой мен прагматикалық ұстаным қажет — сарапшы
"Бір белдеу — бір жол" бастамасы аясында инфрақұрылымдық және көлік-логистикалық жобалар қарқынды дамып жатыр.

Фото: ortcom.kz
Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары айтарлықтай жанданып, жаңа стратегиялық деңгейге көтерілді. Екі ел арасындағы өзара сенімге негізделген саяси, экономикалық және мәдени байланыстар күн санап нығайып келеді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қытай — Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі.
"Бір белдеу — бір жол" бастамасы аясында инфрақұрылымдық және көлік-логистикалық жобалар қарқынды дамып жатыр. Сонымен қатар, инвестициялық ынтымақтастық артып, бірлескен кәсіпорындар мен өндіріс ошақтары ашылуда.
Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы Қытай мен Қазақстан арасындағы екіжақты сауда айналымы 6,8 пайызға артып, 43,82 миллиард АҚШ долларына жетті. Бүгінгі таңда Қытайдың Қазақстан экономикасына бағыттаған тікелей инвестиция көлемі 24 миллиард доллар. Бұл — екі ел арасындағы сенімді серіктестіктің нақты көрінісі дейді сарапшылар.
Айта кетсек, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол көлігімен тасымалданған жүк көлемі 32 миллион тоннадан асты. Қазақстанның экспорт көлемі 1 миллион тоннаға артып, 13,7 миллион тоннаны құрады. Негізгі экспортталатын жүктердің қатарында темір және түсті металл кендері, қара және түсті металдар, астық өнімдері сияқты стратегиялық маңызды тауарлар бар. Импорт көлемі 5%-ға өсті, ал Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 19%-ға артып, 15,3 миллион тоннаға жетті. Экономистердің айтуынша, бұл көрсеткіштер екі ел арасындағы экономикалық серіктестіктің тұрақты өсуін көрсетеді. Сонымен қатар, контейнерлік транзит көлемі Еуропа бағытында 43%-ға ұлғайды, бұл да айтарлықтай маңызды жетістік. Сарапшылардың сөзінше, өсімнің маңызды факторы ретінде Сиань қаласында халықаралық құрғақ портындағы қазақстандық терминалдың ашылуы айтарлықтай ықпал еткен. Аталған инфрақұрылымдық жоба екі ел арасындағы сауда және көлік тасымалын одан әрі жеңілдетіп, тиімділігін арттырды.
Былтыр осы терминал мен Ақтау порты арқылы 300-ден астам контейнер тиелген пойыз өткен, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 30 есе көп. Бұл көрсеткіш Қазақстанның халықаралық саудадағы транзиттік әлеуетінің нығаюын және жүк тасымалдау саласындағы қолайлы жағдайлардың қалыптасқанын дәлелдейді.
Алматы қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Бекбол Рамазанның айтуынша, соңғы жылдары екі ел арасында саяси салада жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер жиі өтіп, аймақтық және жаһандық мәселелер бойынша ортақ ұстанымдар қалыптасуда. Екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына биыл 33 жыл, сол уақыттан бері өзара байланыс үзілмей, тереңдей түскен.
"Қытаймен әріптестік — тек экономикалық емес, сонымен қатар ғылыми, технологиялық және мәдени байланыстар арқылы еліміздің дамуына серпін беретін стратегиялық бағыт. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өз позициясын нақты айқындап, көпвекторлы сыртқы саясат жүргізіп келеді. Бұл саясаттың табысты жүзеге асуы көршілермен сенімді қарым-қатынас орнатуға тікелей байланысты. Сондықтан да бізге үрей мен сенімсіздік емес, парасатты ой мен прагматикалық ұстаным қажет", — деді Бекбол Рамазан.
Атап өтерлік жәйт, алдағы маусым айында екінші "Орталық Азия-Қытай" саммитіне қатысу үшін Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Астанаға келеді деп күтілуде. Сарапшылардың сөзінше, бұл — екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
"Соңғы жылдары Қазақстан аумағында Қытай инвестициясы негізінде жүзеге асып жатқан инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және логистикалық жобалардың саны едәуір артты. Бұл — екіжақты қарым-қатынастың нақты нәтижелері мен жемісін көрсететін айқын көрсеткіш. Алайда, осы оң үрдістермен қатар, қоғамда Қытайға қатысты алаңдаушылық пен сенімсіздік байқалып отыр. Кей тұстарда бұл құбылыс синофобияға ұласып, қоғамдық пікірде орын алып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Бұл құбылыстың себептері әртүрлі. Бір жағынан, әлеуметтік-психологиялық факторлар — тарихи жады, ақпараттық кеңістікте тараған жалған мәліметтер, эмоциялық реакциялар мен сыртқы ықпалдағы ақпараттық шабуылдар. Екінші жағынан, мұндай үрейлерді мақсатты түрде қоздыратын, саяси астары бар күштердің де ықпалы болуы мүмкін. Олар түрлі манипуляциялар мен мифтер арқылы халық арасында күмән мен сенімсіздік туғызып, ішкі тұрақтылыққа сызат түсіруге тырысады. Сондықтан дәл осындай кезеңде қоғам парасаттылық пен сабырлыққа, ал мемлекет нақты деректер мен прагматикалық шешімдерге сүйенуі тиіс. Қытаймен ынтымақтастықты эмоциямен емес, ел мүддесіне сай нақты бағалаған дұрыс әрі тиімді", — деді Бекбол Рамазан.
Оның айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайда Қытайдан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, біз олармен бір толқында болуға, өзара түсіністік пен сенімге негізделген әріптестікті дамытуға мүдделіміз.
"Қытай — көрші ел әрі әлемдік экономиканың алпауыттарының бірі. Қазақстан үшін Қытаймен арадағы теңгерімді, өзара тиімді қарым-қатынасты сақтау — тұрақты дамуға қол жеткізудің маңызды құралы. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық одан әрі нығая түсуі тиіс. Бұл — ортақ даму жолындағы сенімді әрі жемісті қадам", — деді Бекбол Рамазан.
Саясаттанушы Аман Мәмбетәлиев те Қазақстан мен Қытай Халық Республикасының арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін айтады.
Тарихқа көз жүгіртсек, Қытай Халық Республикасы Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекеттердің қатарында. Сол кезеңнен бастап екі ел мемлекеттерінде елшіліктер ашып, дипломатиялық байланысты берік орнатты. Содан бері бұл қарым-қатынас тек нығайып, жаңа салаларға кеңейіп келеді. Экономика, көлік-логистика, ғылым, білім, инновация, ауыл шаруашылығы және гуманитарлық саладағы байланыстар айтарлықтай ілгеріледі.
"Қазіргі геосаяси турбуленттік жағдай — дәстүрлі сауда және көлік бағыттарының өзгеруіне әкеліп отыр. Әлемдік аренада АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық текетірес күшейіп, тіпті "экономикалық соғыс" деңгейіне жетті. Бұл тек бәсекелестік қана емес, нақты тарифтік шектеулер мен баж салығын бірнеше есе арттыру арқылы өзара қысым көрсетуге ұласуда. Осындай күрделі халықаралық ахуал жағдайында Қазақстан мен Қытай өзара байланыстардың әлеуетін бұрынғыдан да тереңірек бағалай бастады. Қытай үшін Қазақстан — Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық маңызы зор серіктес. Еуропа мен Азия нарығын жалғайтын балама көлік дәліздерін дамытуда. Қазақстан Қытай үшін басты транзиттік мемлекет ретінде айқындалуда. Бүгінгі таңда екі мемлекет арасындағы сенім мен ашықтықтың нақты көрінісі ретінде бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Қытай тарапы Қазақстан аумағында "құрғақ порттар" салып, логистикалық инфрақұрылымды дамытуда. Ал Қазақстан өз тарапынан Қытайдан келетін тауарларға кедендік жеңілдіктер ұсынып отыр. Бұл — ұзақмерзімді әрі сенімді әріптестіктің нақты көрінісі", — деді Аман Мәмбетәлиев.
Саясаттанушы бұл үрдісті тек бастамасы деп есептейді. Оның айтуынша, Қазақстанда әлеует өте жоғары: елдің географиялық орналасуы — Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғайтын алтын көпір іспетті. Бұл Қазақстанды Қытай үшін логистикалық және экономикалық тұрғыдан аса тиімді әріптеске айналдырады.
"Қытайдан келетін технология, білім, инвестиция және инновациялық серпін — Қазақстанның даму қарқынын жеделдетуге зор мүмкіндік береді. Екі ел басшыларының арасындағы жылы қарым-қатынас пен өзара сенім де осы байланыстарды нығайтуға ықпал етіп отыр. Мәселен, пандемиядан кейін Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің шетелге жасаған алғашқы сапары дәл Қазақстанға бағытталуы — осының айқын дәлелі", — деді Аман Мәмбетәлиев.
Сарапшының сөзінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестік алдағы уақытта жаңа белестерге көтеріліп, жан-жақты ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналады.
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.
Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!