Қазақстандағы еңбек нарығы: жаңа мамандықтар, ескі дағдылар

Еңбек нарығының келбеті өзгеруде: не жоғалып, не пайда болуда?

Қазақстандағы еңбек нарығы: жаңа мамандықтар, ескі дағдылар

Қазіргі жаһандану мен сандық жүйе дәуірінде әлем елдерінің еңбек нарығы түбегейлі өзгерістерге ұшырап жатыр. Қазақстан да бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Соңғы жылдары елімізде жаңа мамандықтар пайда болып, бұрын сұранысқа ие болған кейбір кәсіби дағдылардың маңыздылығы төмендеп келеді. Бұл өзгерістер тек технологиялық дамуға байланысты емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық, демографиялық және экологиялық факторлармен де тығыз байланысты. Осы мақалада Cronos.Asia редакциясы Қазақстандағы еңбек нарығының бүгінгі жағдайы мен болашағын сараптап, қай салалар алдыңғы қатарға шыққанын және қандай мамандықтар жойылудың алдында тұрғанын анықтап көрді.

Еңбек нарығындағы басты үрдістер

Еңбек нарығының дамуына әсер етуші негізгі факторлардың бірі — сандық жүйеге көшу. Қазақстан үкіметі 2018 жылдан бері "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын іске асырып келеді. Соның нәтижесінде ІТ, киберқауіпсіздік, мәліметтерді талдау, жасанды интеллект және блокчейн салалары қарқынды дамуда. Бұл салаларда сұраныс артып, жаңа мамандықтар пайда болуда. Қоғамдағы сұраныс бойынша: Data Analyst (мәліметтер талдаушысы), UX/UI дизайнер, DevOps инженер, IT-жобалар менеджері, Киберқауіпсіздік сарапшысы, Digital-маркетолог мамандары бүгінде үлкен сұранысқа ие.

Мысалы, HeadHunter.kz мәліметі бойынша, 2024 жылы ІТ мамандарына сұраныс 38%-ға артқан. Бұл көрсеткіш әсіресе Алматы мен Астана қалаларында байқалады.

Қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар

Бағдарламалаушылар және ІТ-инженерлер — цифрлық трансформацияға байланысты барлық салаларда сұраныс жоғары.

Медицина саласының мамандары — COVID-19 пандемиясынан кейін медицина саласына деген қызығушылық пен қажеттілік күрт артты.

Психологтар мен психотерапевтер — менталдық денсаулыққа деген сұраныс өсу үстінде.

Жасыл экономика мамандары — экологиялық мәселелерге байланысты энергия тиімділігі, экотехнологиялар мен қалдықтарды өңдеу салаларында мамандар қажет.

Логистика және электрондық коммерция мамандары — онлайн сауданың дамуына байланысты логисттер, e-commerce менеджерлері, SMM-мамандар жоғары бағалануда.

Қазақстандағы еңбек нарығы: жаңа мамандықтар, ескі дағдылар

Бір мамандықтар пайда болып, қоғам талабына сай сұранысқа ие болып жатса, енді бір мамандықтар маңыздылығын жойып, жоғалудың алдында тұр. Технологиялық ілгерілеу, автоматтандыру мен жасанды интеллекттің тікелей әсерінен жойылуға шақ қалған мамандықтар:

Кассирлер — self-service терминалдар мен онлайн төлем жүйелері олардың қажеттілігін азайтты.

Бухгалтериядағы кейбір позициялар — бухгалтерлік бағдарламалар (мысалы, 1С, SAP) көптеген есептік міндеттерді автоматтандырды.

Қарапайым кеңсе қызметкерлері (делопроизводитель, офис-менеджер) — құжат айналымының цифрлануы бұл қызметтердің маңызын азайтты.

Баспахана және полиграфия қызметкерлері — цифрлық форматтар мен онлайн контенттің дамуымен байланысты сұраныс төмендеуде.

Еңбек нарығындағы басты мәселелер қандай?

Қазақстандағы еңбек нарығы: жаңа мамандықтар, ескі дағдылар

Бүгінде білім беру мен еңбек нарығының арасында алшақтық бар. ЖОО-ларда алынған білім мен нарықтағы нақты қажеттіліктер арасында сәйкессіздік байқалады. Түлектер жиі мамандық бойынша жұмыс таба алмай жатады. Сондай-ақ, Аймақтық теңсіздік мәселесін де ескеру қажет. Ірі қалаларда (Алматы, Астана) сұраныс жоғары болса да, өңірлерде жұмыс орындары тапшы немесе жалақы деңгейі төмен. Ресми деректерге сәйкес, 2023 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,7%-ды құрады, бірақ бейресми сандар бұдан жоғары болуы мүмкін. Зейнет жасына таяған азаматтардың еңбекке бейімделу қиындығы тағы бар. Жаңа технологияларға үйрену, қайта оқудан өту — үлкен жастағы азаматтар үшін күрделі процесс.

Келешекке көзқарас: не істеу керек?

  • Білім беру жүйесін реформалау. Жоғары және техникалық білімді еңбек нарығына бейімдеу, дуальды білім беру жүйесін кеңейту қажет.
  • Үздіксіз білім алу мәдениетін қалыптастыру. Кез келген жаста жаңа дағдыларды үйрену мүмкіндігін арттыру маңызды (lifelong learning).
  • Жастар кәсіпкерлігін қолдау. Мемлекеттік гранттар мен стартаптарға арналған инкубаторларды көбейту керек.
  • Аймақтық дамыту бағдарламаларын күшейту. Инфрақұрылымды жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы өңірлердегі еңбек нарығын жандандыру қажет.

Қазақстандағы еңбек нарығы қазір түбегейлі өзгерістер кезеңінде тұр. Жаңа технологиялар мен цифрландыру дәстүрлі жұмыс орындарының құрылымын өзгертуде. Жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қиындықтар да туындап жатыр. Сондықтан еңбек нарығына бейімделудің жалғыз жолы — үнемі даму, оқыту және икемді болу. Мемлекет, бизнес және азаматтардың бірлескен әрекеті арқылы ғана бұл өзгерістерден ұтымды шығуға болады.




Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.

Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!


Мы в Телеграм

Свежие новости