Көкөніс пен жеміс бағасының шарықтауына себепкер болған «кінәлілер» анықталды
СA Cronos жемістер мен көкөністер бағасының өсуіне қандай факторлар әсер еткенін барынша зерттеп көрді.
Фото: Евгения Скалей
Ауа райының қолайсыздығы, экспорт, импортқа тәуелділік, жанармай мен валюта бағамының өсуі – міне, картоп пен сәбіздің бағасын қымбаттатып, зор кесапатын тигізген «кінәлілер» осылар.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, экспорттың қарқынды өсуімен картоптың жалпы өнімі 2020 жылы небәрі 4 миллион тоннаны құрады - бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,4% ғана артық. Сәбіздің жалпы өнімі 6,6%-ға өсіп, 643,9 мың тоннаға жетті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, отандық картоп өндірісі ішкі тұтынудың 108%-ын қамтамасыз етеді, бірақ тауарлық өндіріс көлемі тек 1,9 млн тоннаны немесе жалпы өнімнің 47%-ын құрайды. Көлемнің қалған бөлігі іс жүзінде тауар айналымына қатыспайды, өйткені ол халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарында өндіріледі.
Сондай-ақ, жыл басынан бері картоп пен сәбіздің қоры азайды. Сауда және интеграция министрлігі картоп қорының жыл басындағы 903 мың тоннадан қазіргі уақытта 329 мың тоннаға дейін азайғанын мәлімдеді. Ал сәбіз қоры жыл басынан бері 81% - 211 мың тоннадан 40 мың тоннаға дейін азайды.
Дегенмен, көкөніс қорының азайып бара жатқандығына қарамастан, еліміз экспорттауды тоқтатар емес.
Өткен жылы 360 мың тонна картоп экспортталды. Тек осы жылдың бірінші тоқсанында 65,4 мың тонна картоп шекара асып кетті. Пияз 12,8 мың тонна экспортталса, сәбіз экспорты 21 есе өсіп, 1,5 мың тоннаны құрады.
Импортқа тәуелділік
Жеміс-көкөніс өнімдерінің тапшылығы шетелден әкелінген өнімдердің есебімен жабылады. Сонымен қатар, әлемдік нарықта азық-түлік тауарларының бағасы шамамен 40%-ға өскенін ескеру керек, бұл Қазақстандағы азық-түліктің өзіндік құнына да әсер ететіндігін атап өткен жөн.
Атап айтқанда, сәбіз Өзбекстанда 55%-ға қымбаттауына байланысты елімізде де бұл көкөністің құны шарықтады. Маусымаралық кезеңде Қазақстанға сәбізді жеткізуші Өзбекстанның қазақстандық импорттағы үлесі 99,6%-ды құрайды.
Картопқа келетін болсақ, Сауда министрлігі: «нарықта тек импортталған картоп бар, оның бағасы 2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47%-ға өсті» деп мәлімдеді. Қазақстандық нарыққа картоптың негізгі жеткізушілері -58,5% үлесімен Пәкістан және 36,4% үлесімен Иран болып табылады.
Импорт
2021 жылдың бірінші тоқсанының қорытындылары бойынша елімізге:
- 31,5 мың тонна қырыққабат (өткен жылмен салыстырғанда 5,7% көп),
- 19,2 мың тонна картоп (өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп),
- 13,1 мың тонна сәбіз (өткен жылмен салыстырғанда 32,8% -ға өскен)
әкелінді.
Импорт көлемі айтарлықтай өскен:
- пияз (бірден 40 есеге, 6,9 мың тоннаға дейін)
- және бақша дақылдары (9 еседен астам, 75,7 тоннаға дейін).
Көкөністердің нарықтағы құнын тежеу үшін Сауда министрлігі Өзбекстан, Иран, Қырғызстан және Ресеймен маусымаралық және егін жинау кезеңінде жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуге келісімшарттар жасасуды жоспарлап отыр.
Ерте пісетін көкөністердің жеткізілім көлемі 280 мың тоннаны құрайды деп болжануда. Дегенмен, Сауда министрлігі басшысының айтуынша, бұл шаралар да бағаның өсуін толығымен тоқтата алмайды. Бақыт Сұлтановтың пікірінше, баға ауытқуының 7-10%-ы дәлізде қалады.
Сонымен қатар, науқан кезінде Қазақстан 750 мың тоннадан астам қазақстандық көкөністерді экспорттауды жоспарлап отыр.
Құрғақшылыққа байланысты өнім аз болуы мүмкін
Шаруалардың өздері де бағаға келгенде немқұрайлы көзқарас танытады. Бұған бір себеп – ауа-райының қолайсыздығы. Ауа-райының құрғақ болуы қалыпты дақылдарды уақытында өсіріп, жинауға мүмкіндік бермейді.
Атап айтқанда, сәбіз аз көлемде және әдеттегі мерзімнен кеш жиналады.
Жауын-шашынның болмауына байланысты сәбіз өспей қалған және оның пісіп-жетілуі үшін әлі де бір ай күту керек. Егер сәбіздің алғашқы өнімі, әдетте, шілде айында жиналса, биыл бұл науқанды тамыз айымен тұспа-тұс келеді деп күтілуде.
Сәбізді ішкі нарыққа жеткізушілердің бірі - Түркістан облысының Сайрам ауданы, мұнда 2020 жылы әр гектардан 40 тонна сәбіз жиналды. Биыл егін көлемі гектарына 30 тоннаға дейін төмендеуі мүмкін деп болжануда.
Фермерлер «ескі бағалар келмеске кетті, әсіресе, сәбіздің құны енді бұрынғыдай болмайды» деп ескертті.
Қазақстанда ауа-райының қолайсыздығына байланысты кейбір жемістердің де шығымы төмен болып шықты. Осыған байланысты елде өрік, нектарин және кейбір шырынды жемістің қымбаттауы мүмкін.
Жанармай қымбаттауы – көкөніс қымбаттауы
Көкөніс дақылдары бағасының өсуінің тағы бір факторы жанар-жағармай материалдарының қымбаттауымен байланысты. Сәуір айында жанармай бағасы көтеріле бастады. Осыған байланысты логистика шығындары өсті, оны жеткізушілер көкөніс бағасына қосады.
Сонымен бірге, ҚР Энергетика министрінің орынбасары Әсет Мағауов айтқандай, Энергетика министрлігі жанармай бағасын реттеу шараларын қабылдағысы келмейді. Министрлік қазіргі бағаның өсуін қымбат мұнаймен байланыстырады. Сірә, бұл бензин мен дизельдік отынның біртіндеп қымбаттауы мен азық-түліктің, оның ішінде көкөністердің өзіндік құнына кері әсерін тигізетін жағдайға әкелуі мүмкін.
Қазақстандық өндірушілер шетел валютасымен сатып алынатын минералды қоспаларды, премикстерді, ветеринарлық препараттарды және басқа да тауарларды импорттайтындығын атап өткен жөн. Шетел валюталарының айырбастау бағамының өсуі аясында ауылшаруашылық өнімдерінің құны да өсуде.
Күзде көкөніс бағасы сәл ғана арзандауы мүмкін
Барлық факторларды қарстыра отырып, импортталған көкөністер мен жемістердің қымбаттауына байланысты қалыптасқан баға жаздың соңына дейін еш өзгеріссіз қалады деп айтуға негіз бар.
Баға өспеген күннің өзінде де, арзандайды деп күтудің қажеті жоқ.
Күзде, жаңа дақылдың жергілікті өнімі нарыққа шыға бастағанда, негізгі жемістер мен көкөністердің бағасы төмендеуі мүмкін. Маусымдық кезеңнің артықшылығы сол. Бірақ ауа-райының қолайсыздығына байланысты өнім көлемінің азаюы, жанар-жағармай материалдарының қымбаттауы және логистика бағасының өсуі аясында жемістер мен көкөністердің бағасы өткен жылмен салыстырғанда 15 - 20%-ға жоғары болуы мүмкін.
Көкөністер мен жемістерді сақтауға кеткен шығындардың өсуіне байланысты дәстүрлі түрде қыс мезгіліне қарай баға біртіндеп қайта көтеріледі.
Кем дегенде инфляция деңгейіне жетіп алары анық. Бүгінде ол 7% -дан жоғары және оны жылдың соңына дейін төмендету екіталай.
Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.
Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!