Екінші дәрежелі құнды қағаздар нарығының ерекшеліктері немесе Қазақстанда инвестор болудың қиындықтары

Негізінен, құнды қағаздар нарығы - бизнес үшін таптырмас қазына. Дегенмен, Қазақстанда құнды қағаздар нарығының даму қарқыны баяу болғандықтан, келеңсіз жайттар жиі орын алады.

Екінші дәрежелі құнды қағаздар нарығының ерекшеліктері немесе Қазақстанда инвестор болудың қиындықтары

Бүгін біз екінші дәрежелі құнды қағаздар нарығы жайлы сөз қозғамақпыз. Құнды қағаздар нарығы – біздің елде кенжелеп қалған бағыт. Тек Қазақстанда ғана емес, посткеңестіктегі елдердің барлығында оның даму қарқыны баяу. Екінші дәрежелі нарық дегеніміз не бұл бағытта отандық компаниялар қандай күрделі мәселелерге тап болуда, бұл жайлы Cronos.Asia ұжымына құнды қағаздар нарығын жетік меңгерген маман - Ләйлә Серікқызы әңгімелеп бермек.  

- Ләйлә ханым, құнды қағаздар нарығы не үшін қажет және оның кәсіпкерлік үшін тиімді тұстары қандай?

- Құнды қағаздар нарығы бизнестің қазынасы деп айтуға болады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін маңызы зор. Шетелде өте дамыған, оны ұзақ мерзімді ақша деп те айтуға болады. Бизнеске несиеден де тиімдірек. Бұл бағалы қағаздар: облигациялар және акциялар. "Ұзақ мерзімді ақша" деп аталуының өзіндік себебі бар, мұнда шарттар инвесторлармен өзара келісілген, бұл бизнесті дамыту үшін өте қызықты және қажетті нарық. Екінші жағынан, экономикалық өсу, ЖІӨ-нің өсуі, мұның бәрі шағын және орта бизнес есебінен келеді. Яғни, мемлекеттік бюджетті толықтыру да бизнестің есебінен келеді. Біз бәріміз түсінеміз, мемлекеттік органдар ел экономикасының дамуында негізгі рөл атқармайды. Экономика мен елді әлі де бизнес көтеріп жатыр. Және осыған байланысты бағалы қағаздар нарығы өте қызықты, дәл осы жерден сіз даму үшін қосымша ақша таба аласыз. Оның банктік несие нарығына қарағанда мүмкіндігі мол.

- Ал осы құнды қағаздар ұғымына не кіреді?

- Қарыздық бағалы қағаздар бар, бұл облигациялар, эмиссиялық бағалы қағаздар бар, бұл кейбір артықшылы бар акциялар, мұнда инвестор бизнестің үлесін сатып алады және ол оған қатыса алады, осылайша бизнеске әсер етеді, оны дамытады. Бағалы қағаздар нарығы ұйымдастырылмаған және ұйымдастырылған болып бөлінеді.

- Олардың айырмашылығы қандай?

- Айырмашылығын атауының өзі айтып тұр. Мұның барлығы Қазақстанда бағалы қағаздар нарығы туралы заңмен айқындалады. Ұйымдасқан нарықта реттеуші белгілеген барлық ережелер мен талаптар сақталады. Бұл негізінен биржа. Қазақстанда бұл жалғыз қор биржасы – KASE. Іс жүзінде ұйымдасқан бағалы қағаздар нарығы – бұл қор биржасының ішкі құжаттарына және биржадан тыс бағалы қағаздар нарығының баға белгілеу ұйымына сәйкес мәмілелер жүзеге асырылатын эмиссиялық бағалы қағаздардың немесе басқа да қаржы құралдарының айналымы.

Ұйымдастырылмаған нарық – бағалы қағаздармен немесе шетел валютасымен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелер қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген талаптар сақталмай жүзеге асырылатын бағалы қағаздар мен басқа да қаржы құралдарының айналым жүйесі.

Сонымен қатар, бастапқы және екінші дәрежелі нарық деп аталатын ұғымдар бар. Бастапқы – акцияны алғаш рет орналастыру, сату.

- Демек, БАҚ-та жиі айтылып жүрген IPO осы ғой?

 

- Дұрыс айтасыз. Жаңа акциялар пакеті инвесторлардың кең ауқымына алғаш рет сатылған кезде бұл бастапқы орналастыру болады. Мұнда эмитент (акцияларды шығарған ұйым немесе компания) шығарылған акцияларын сатылымға қояды. Әрине, бізде акцияларды оп-оңай шығара салу мүмкін емес. Мұның барлығы уәкілетті мемлекеттік органда тіркеледі.

- Ал кез келген адам немесе компания, егер ол өзінің негізгі акцияларын биржада, KASE немесе AIFC -те орналастырғысы келсе, ол тиісті органдарға өтініш беруі керек пе? Және бұл жағдайда қалай әрекет еткені жөн? Мысалы, ЖШС өз акцияларын шығаруға және орналастыруға шешім қабылдады делік.

– Бұл жағдайда жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (ЖШС) өзі тек облигацияларды, қарыздық бағалы қағаздарды шығара алады. Ал енді акционерлік қоғам (АҚ) өз акцияларын шығара алады. Оның үстіне заң бойынша, АҚ тіркелген бойда өз акцияларын тіркеп, рұқсат алып, бір айдың ішінде сатуға шығаруы тиіс. Белгілі бір талаптар бар. Егер АҚ бір ай ішінде акцияларды шығармаса, онда қойылатын талаптар өзгереді.

 - Олай болса, бірінші және екінші дәрежелі нарық дегеніміз не соны анықтап алайық.

- Бастапқы нарық – бұл эмитент-компанияның өз акцияларын алғаш рет сатуы және бастапқы орналастыру ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында да, ұйымдастырылмаған нарықта да болуы мүмкін. Жазылымдар бойынша өтсе ұйымдастырылмаған нарыққа жатады. Яғни, акциялардың сатылатындығы туралы хабарландырулар компанияның сайтында немесе қаржылық есеп беру депозитарийінде, бұқаралық ақпарат құралдарында беріледі. Әркімнің өз жолы бар, өйткені ол серіктестік жарғысына сәйкес болуы керек. Алғашқы нарықта ешқандай шектеулер жоқ: жеке тұлға да, заңды тұлға да акцияларды сатып ала алады.

Екінші дәрежелі нарық – бұрын сатып алынған акциялар айналымға түсетін нарық. Басқаша айтқанда, сатып алынған акциялардың қайтадан сатылымға шығуы. Жалпы, ұйымдастырылмаған нарықтың оң тұстары көп.

Мәселен, екінші дәрежелі ұйымдастырылмаған нарықтың артықшылығы неде? Акцияны сатып алу немесе сату оңайырақ болса, өтімділік және инвестор болу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Бұл инвесторлардың қызығушылығын тудырады.

- Мысалы, мен биржадағы брокерлер арқылы акцияларды сатып ала алмасам, бірақ біреулердің өз акциясын сатып жатқанын білсем, мен оған келіп, оның өзі белгілеген баға бойынша акцияларды сатып ала аламын ба?

- Иә. Қазақстандықтар үшін, әрине, нарықтың қалай жұмыс істейтінін түсіну қиынға соғады. Мен мұны шамам келгенше түсіндіріп берейін. Кез келген жағдайда тіркеу, сатып алу, сату, ол брокер арқылы өтеді. Мейлі, ұйымдасқан немесе ұйымдастырылмаған нарықта болсын. Екі инвестор бірін-бірі тапты делік, әрқайсысының брокерлік шоттары болуы керек, әрбір инвестор брокерге несие беруге, екіншісі есептен шығаруға бұйрық береді. Осының барлығы одан әрі Орталық депозитарийде тіркеледі, онда бағалы қағаздардың түпкілікті сатып алушысы жайлы толық ақпарат болады.

Бұл жылжымайтын мүлік нарығы сияқты. Сіз пәтерді сатуға шешім қабылдадыңыз, сатып алу-сату шартын жасадыңыз, содан кейін меншік иесі осы шартты ХҚО-да тіркеуі керек.

Екінші дәрежелі нарық заңдылығы жылжымайтын мүлік нарығына ұқсас келеді. Құрылыс компаниясы тұрғын үй кешенін салып, оны сатып алушыларға сатады. Бұл бастапқы орналастыру деп айтуға болады, ол бірінші рет сатылады. Сатып алушы шартты түрде екі бөлмелі пәтерді 20 миллион теңгеге сатып алып, онда 2-3 жыл тұрып, кейін оны сатуға шешім қабылдаған. Ол бағаны қайдан алады? Әрине, ол ешқашан құрылыс салушыдан сатып алған бағаға пәтер сатпайды. Сондықтан ол жылжымайтын мүлік нарығында не болып жатқанына қарап, мәселен, пәтерін 23 миллион теңгеге бағалап, басқа сатып алушыға сатады. 3 миллион теңге айырма енді құрылыс салушының қалтасына емес, пәтерді сатқандарға түседі. Бұл оның көрген пайдасы. Бірақ өзіндік ережелер бар. Егер ол пайда көру мақсатында бір жыл ішінде сатылса, салық салынады. Нарықтың өзі баға сұраныс пен ұсыныс арқылы қалыптасады деп болжайды.

Мысалы, біз бәріміз білеміз 2007 жылы бүкіл әлем бойынша тұрғын үйдің бағасы қатты өсті. Кейін белгілі бір жағдайларға байланысты арзандап кетті. Яғни баға кейде өсіп, кейде төменге қарай құлдырауы мүмкін. Құнды қағаздар нарығында да дәл солай. Сонымен қатар, бұл нарыққа БАҚ және өзге де ақпарат тетіктері қатты әсер ете алады.

-  БАҚ-та жылжымайтын мүлік бағасы төмендейді деп хабарланса, соған сәйкес нарықта да құлдырап, пәтер бағасының төмендейтіні қисынды. Ал құнды қағаздар нарығында одан да қиын болар, солай ма?

- Қиын емес, бірақ ұқсас. Мысалы, құрылыс иесінің сапасыз цемент қолданғаны анықталды делік. Мұндай ақпараттан кейін оның салған пәтерлері құнын жоғалтып, арзандап қалары анық. Тіпті ешкім алмауы да мүмкін. Сондықтан да кез келген мұндай ақпарат нарыққа әсер етеді. Өкінішке орай, тұрғын үй, автокөлік нарығы сияқты құнды қағаздар нарығын да үнемі қатаң бақылауда ұстап отыру мүмкін емес.

- Дегенмен, бізде құнды қағаздар нарығын бақылауда ұстауға тырыса ма? Әсіресе, екінші дәрежелі нарықты...

- Иә, бірақ осы 30 жыл ішінде Қазақстанда құнды қағаздар нарығы шетелдегідей дамымағанын атап өткім келеді, өйткені біз тұрақты нәрсеге көбірек үйреніп қалдық. Депозит бар, соған ақшаны салып, күтіп отырамыз. Ол депозиттің өзіне он жылдар әрең үйрендік. Сондықтан, ең алдымен қазақстандықтар бағалы қағаздардың не екенін түсініп, дивиденд алып, ақшасын депозитке ғана емес, бизнеске, сол "Қазтрансойлға", "Қазақтелекомға" немесе "Кегокқа" салсын деп мемлекет халықтық IPO шығарды. Бірақ халықтың IPO-сы да қиындықпен жүріп жатыр, өйткені, өкінішке орай, құнды қағаздарға қатысты қаржылық сауаттылық сәл ақсап тұр.

- Сіз жақында "L-CAPITAL" АҚ-ның басшысы болып тағайындалдыңыз. Әлеуметтік желіде бұл компанияға қатысты біршама пікірталас өрбіген. Туындаған мәселелер де талқыланды. Қателеспесем, сіздердің акцияларыңыз ұйымдастырылмаған екінші дәрежелі нарықтың айналымында еді. Осыған байланысты қандай мәселе туындады?

- Дұрыс айтасыз. Шындығында, мен екінші дәрежелі нарықта соншалықты көп инвесторларды тарта алған дәл біздей ірі компания жоқ деп ойлаймын.  Меніңше, "L-CAPITAL" Акционерлік Қоғамын ұлттық компания деп те айтуға болады, себебі мұнда қаражатын бизнестің дамуына құйып, акция сатып алған 4200 акционер бар. Екінші дәрежелі нарықтың артықшылығы неде? Артықшылығы – акцияны сату да, сатып алу да жеңіл. Пандемия басталғанға дейінгі 6 жыл ішінде құнды қағаздар сатылымы екінші дәрежелі нарықтың үлесінде еді.

Заңда құнды қағаздарды екінші дәрежелі нарықта сатуға болады делінген. Алғашқы орналастыру кезінде АҚ уәкілетті органға өз акцияларын орналастыру туралы есеп беруге міндетті. Бұл есепте кімге, қашан, қандай бағамен және осы акциялар бойынша төлем болған-болмағаны көрсетілуі керек. AO осындай есеп берілді. Кейін қандай да бір себептермен 6 жыл бойы уәкілетті орган тарапынан "олар қалай орналастырылады, сатылады?" деген сұрақ болмады.

- Бұл мәселені де тұрғын үй нарығымен салыстыруға келе ме?

- Иә. Яғни, екінші дәрежелі нарықтың болуы ақылға қонымды. Егер акцияларды қауіпсіз сатып алуға/сатуға болатын нақты орын болмаса, инвестор нарыққа қызығушылық танытпайды. Мысалы, Америка қор биржасын алайық. Онда кез келген инвестор кез келген компанияның акцияларын еш қорықпай сатып алып, сата алады.

Сондықтан, АҚ бұл ақшаны бизнеске құйып, одан әрі жұмыс істейді, бірақ оны кейіннен орналастыру және қайта сатуды серіктестер, оқытылған қаржылық кеңесшілер, агенттер жүргізді. Сондай-ақ инвесторларға қызмет көрсететін брокерлік компания бар. Бұл серіктестер акционерлік қоғамның акцияларын сатып алды, содан кейін оларды қайта сатты. Сонымен қатар, олар тек эмитент "L-CAPITAL" АҚ ғана емес бағалы қағаздарды сатып алып, сақтандыру өнімдерін, пайлық инвестициялық қорларды және облигацияларды сатқан.

- Акцияны сатудан түскен қаражат әдетте қандай мақсаттарға жұмсалды?

- "L-CAPITAL" АҚ-ның бизнес желісі өте кең болды, өйткені компания жұмысын әртараптандырып, тәуекелдерді азайтып, оны әртүрлі жобаларға бағыттауды жөн көрдік. Сонымен қатар, жобалар қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Жоба аясында құс фабрикасы салынды, тұз өндіретін зауыт, бір кездері жолға арналған арнайы техникалар сатып алынды, кейбір кеңес беру қызметтері көрсетілді, оқу бөлігіне де компания инвестиция салды. Оның үстіне жыл сайын компанияда әртүрлі жобалар болды.

- Бұдан өзге тәжірибе болды ма?

- Жоқ.

- Бәлкім, мәселенің туындауы осыдан болар… Екінші дәрежелі нарықтың негізгі проблемалары қандай?

- Негізгі проблема нарықты дұрыс түсінбегеннен туындайды. Мысалы, инвестор екінші дәрежелі нарықта 500 мың теңгеге акция сатып алды. Бұл оның 500 мыңы бизнесті дамытуға кетсін деген сөз емес. Бастапқы нарықта сол серіктес – ЖШС акцияларды сатып алған кезде, ол олардың құнын бір рет төлеп қойған. Құрылыс салушыдан пәтер сатып алу және оның иесінің пәтерді сатуы сияқты. Бірақ, сонымен бірге, акцияларды сатып алу кезінде және инвестордың ақшасы бизнеске түспейтініне қарамастан, кез келген жағдайда, ол акцияны сатып алған сомаға осы бизнеске қатысушы екенін есте ұстаған жөн.

- Олай болса, АҚШ, Сингапур сияқты елдерде қор биржасы қалай жүзеге асады? Онда да бастапқы және екінші дәрежелі нарық бар ма? Немесе қазірдің өзінде ұйымдасқан нарық туралы айтылып жатыр ма? Ал ұйымдаспаған нарық басқа елдердің мысалында қалай болады?

- Қор нарығының, құнды қағаздар нарығының дамуындағы көшбасшы – АҚШ, бұл елде биржа 18 ғасырда пайда болған. Бұл бағытта олардың тәжірибесіне жүгінсек жаман болмаймыз. Онда нарық өте жақсы дамыған. Ұйымдастырылған нарық деп - Нью-Йорк қор биржасын (NYSE), Американдық қор биржасын (AMEX) қарастырсақ болады. Ұйымдастырылмаған нарық NASDAQ, қор биржасына ұқсас, бірақ бәрі Нью-Йорк пен Американың қор биржасынан сәл басқаша бағытта жұмыс істейді. Менің білуімше, Америкадағы барлық транзакциялардың 80% ұйымдастырылмаған нарықта өтеді.

- Екінші дәрежелі нарықта жұмыс істейтін компаниялар лицензиясыз қызмет етеді дейді. Бұл ақпарат шындыққа жанаса ма?

- "Бағалы қағаздар нарығы туралы" заңның 28-бабында екінші дәрежелі нарықта құнды қағаздарды сатып алу, сату азаматтық-құқықтық мәмілелер жасау арқылы жүзеге асырылады деп көрсетілген. Яғни, сатып алу-сату шартын жасау арқылы. Сіз IPO-да акцияларды сатып алдыңыз делік, біраз уақыттан кейін оларды сатқыңыз келді. Инвесторлар кездескен компанияның кеңсесіне келіп, "сатқым келеді" деп айтасыз. Осылайша инвестордың бірі өзара келісіп, акцияңызды сатып алады. Бұл жағдайда сізге лицензия қажет пе? Жоқ.

- Неліктен онда лицензия туралы сөз қозғалды? Менің түсінуімше, бұл сіздердің компанияларыңызға қатысты негізгі шағымдардың бірі.

- Шағымдар негізінен нарықтың қалай жұмыс істейтінін түсінбейтін инвесторлардан, акционерлерден келеді. Заңда бәрі анық жазылғанымен, өкінішке орай, кейде реттеушінің өзі инвесторларды, акционерлерді лицензия болуы шарт деп итермелейтінін атап өткім келеді.

Уәкілетті органнан бізге келген хаттардың бірінде ЖШС-нің құнды қағаздарды сатуға лицензиясы жоқ екені айтылған. Бірақ бұл ретте "Құнды қағаздар нарығы туралы" Заңның 29-бабын атап өткім келеді, онда бап "Эмиссиялық құнды қағаздардың айналысын тоқтата тұру" деп аталады. Яғни, бұл нарықты реттеуде уәкілетті органдардың құзыры зор. Бұл ретте арнайы бап бар. "L-CAPITAL" АҚ құнды қағаздармен айналысқан 6 жыл ішінде уәкілетті орган "Құнды қағаздар нарығы туралы" Заңның 29-бабын пайдаланбаған.

- Жақын арада біздегі құнды қағаздар нарығы, мысалы, Германия немесе Франциядағыдай жүйелі жұмыс істей бастайтындай мүмкіндік бар ма? Бұл үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

- Ең әуелі, құнды қағаздар нарығы не үшін қажет соны түсініп алуымыз керек. Қайталап айтамын, бұл нарық бізге отандық бизнесті дамыту үшін қажет. Бизнес дегеніміз не? Бұл мемлекеттік қазынаны салық төлеу арқылы молайту, жаңа жұмыс орындары, үздіксіз ақша айналымы – барлығы осы нарықтың үлесінде. Қазақстандықтар құнды қағазға ақша құю арқылы өздерін жәрдемақы, зейнетақы тағы да басқа көмек түрімен қамтамасыз етеді. Сондықтан да нарықтың бұл түрін дамыту керек деп есептеймін.


Осы тақырыптағы өзге де мақалалар

Как сохранить свои деньги на вторичном рынке ценных бумаг? - видео

Особенности вторичного рынка ценных бумаг или Почему в Казахстане не так просто стать инвестором


Кез келген материалды қолдану үшін cronos.asia сайтына гиперсілтеме жасаңыз.

Central Asia Cronos Telegram-каналына жазылып, өзекті ақпаратты бірінші болып біліңіз!




Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.

Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!


Мы в Телеграм

Свежие новости