Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөнінде Агенттік қабылдап жатқан шаралар туралы
Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Павел Афанасьевтің инвесторлардың құқықтарын қорғау жөнінде Агенттік қабылдап жатқан шаралар туралы Kapital.kz Іскерлік Ақпараттық Оталығына берген сұхбаты.
- Павел Андреевич, Қазақстан қор нарығындағы бөлшек саланың дамуын қалай сипаттайсыз?
Біз қаржы секторы үшін дәстүрлі бірқатар өнімдер бойынша қашықтан қызмет көрсетудің белсенді дамуын байқап отырмыз. Қор нарығына қатысты да солай болды – 2020 жылғы қазан айынан бастап биометриялық идентификаттауды пайдалана отырып брокерлік шарттарды қашықтан жасау мүмкіндігі іске асырылды. Ағымдағы сәтте орталық депозитарийдегі шоттар саны 201 мың шот белгісіне жақындады, оның ішінде 198 мыңнан астамы – жеке тұлғалар. Бұл ретте 2021 жылдың басынан бері бөлшек инвесторлардың саны 64 мың адамға ұлғайды.
- Бұл өсуді қалай түсіндіресіз? Бөлшек саланың шын мәнінде бағалы қағаздар нарығына барынша тартылғаны туралы айтуға бола ма?
Аталған өсу жергілікті нарық үшін жақсы көрсеткіш болып табылады. Барынша белсенді тарту орын алуда – біз қайталама нарықтағы мәмілелерде де белсенділіктің артып жатқанын көріп отырмыз. Ол үшін экономикалық, инфрақұрылымдық және іс-қимыл сипатындағы себептер бар. Біреу өз жинақ ақшасын жан-жақты бөледі, кейбіреулер жаңа сервистердің мүмкіндіктерін пайдаланады, үшіншілері банк депозиттеріне балама құралдарға басымдық бере отырып, бағалы қағаздар нарығындағы инвестицияларды игере бастайды. Нарық кей жағдайда абсолютті жаңа қаржы өнімдерін жасайды, кейде дәстүрлі құралдарды сапалы түрде өзгерту қажеттілігі туындайды.
- Қор нарығындағы инвестициялар инвесторлар, оның ішінде жаңадан тартылған инвесторлар үшін тәуекелдерді көздейді. Реттеуші бұл сын-қатерлерге қалай жауап береді?
Міндет шын мәнінде ауқымды және ол дұрыс тепе-теңдікті қажет етеді. Тәуекелдерді барынша азайту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау кез келген реттеуші үшін маңызды және кейбір жағдайларда біз жергілікті инвесторлардың теріс тәжірибеге тап болғаны жөнінде тиісті өтініш түскеннен кейін ғана білеміз. Әсіресе бөлшек сауда туралы айтатын болсақ – қазіргі таңда тұтынушылар үшін мүмкіндіктер өте көп, ал бұл саланың барлық қыр-сырын түсіну қиындық туғызады. Бұл орайда клиент тарапынан қандай да бір наразылықтар туындаған жағдайда оны шешудің қандай тетіктері бар екенін жеткізе білу маңызды.
Инвесторлардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы тетігі нарыққа мінсіз іскерлік беделі, қаржылық тұрғыдан орнықты, тәуекелдерді басқарудың дамыған жүйесі және қызмет көрсету кезінде жоғары іс-әрекет стандарттарына ие адал қатысушыларды шығаруды болжайды. Біз кәсіби қатысушылардың ашық болуға және өздерінің дамуына қатысты дұрыс ұзақ мерзімді үрдістерді қалыптастыруға деген ниетін қолдаймыз.
- Қазақстандық клиент не істеуі керек? Жергілікті мүмкіндіктерге назар аударуы қажет пе әлде қандай да бір балама іздеуі керек пе?
Мәселе тәуекелдерді бағалауда. Әлем бойынша жұмыс істейтін көптеген компаниялар бар және қазақстандық клиенттер олардың қызметтерін ашық экономика жағдайында пайдаланумен шектелмейді. Бұл жағдайда тәуекел клиенттердің өздеріне жүктеледі, ал қорғау тетіктері тиісті юрисдикция деңгейінде құрылады.
Осыған байланысты біздің міндетіміз дұрыс түсіндіру және ескерту болып табылады, өйткені егер клиент инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін халықаралық брокерді немесе қаржы делдалын таңдаса, содан кейін теріс тәжірибеге тап болып, Агенттікке тиісті шағым берсе – бұл біздің де проблемамызға айналады. Біз мұны қараусыз қалдыра алмаймыз.
Дәл осы мақсаттар үшін ағымдағы жылғы маусымда Агенттік олардың атынан қызмет көрсетілген және Агенттікке олардың атына қандай да бір шағымдар келіп түскен уәкілетті органның лицензиясы жоқ делдалдардың тізімін, сондай-ақ олар пайдаланатын сайттарды жариялай бастады.
Сондай-ақ Агенттік қазіргі уақытта қаржылық қызметтерді тұтынушылардың жүздеген шағымдарын осы компанияларға айтарлықтай материалдық шағымдармен өңдейтінін атап өткім келеді. Шағымдар, әдетте, қызмет көрсету кезінде туындайтын мәселелерге байланысты. Мысалы, шоттарды негізсіз бұғаттау, клиенттердің жеке кабинеттеріне қолжетімділікті шектеу немесе қаражатты қайтару кезіндегі қиындықтар.
Өтініштер көбінесе Агенттіктің бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыруға лицензиясы жоқ және резидент болып табылмайтын компаниялармен электрондық түрде немесе байланыс арқылы шарт жасасқан тұлғалардан келіп түседі, тиісінше Агенттік Қазақстан заңнамасына сәйкес олардың қызметін бақылауды және қадағалауды жүзеге асырмайды.
Кейбір жағдайларда агрессивті жарнамаға сене отырып, клиенттер көбінесе компаниялардың өзімен емес, әлемдік нарықта танымал инвестициялық компаниялардың атауларын пайдаланатын алаяқтарға тап болып, айтарлықтай тәуекелде болады.
- Мұндай клиенттер үшін қорғау тетіктерін жақсарту үшін қандай шаралар қабылдануда?
Агенттіктің бұл бағыттағы басты міндеті Қазақстан аумағында ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсететін бағалы қағаздар нарығындағы барлық делдалдарды реттеу аясына енгізу болып табылады. Бұл реттеушілер арасында кең таралған практика.
Осы мақсаттар үшін заңнамалық деңгейде реттеу аясына форекс нарығында жеке тұлғаларға қызмет көрсететін субъектілерді қосу, инвестициялық консультация беруге қатысты жауапкершілікті күшейту, жосықсыз практикаларға және бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасауға қарсы іс-қимыл шараларын кеңейту, тиісті бағалау негізінде инвесторлардың тәуекел-бейінін айқындау ұсынылды. Заңнамалық түзетулердің аталған блогы ҚР Парламентінің Мәжілісіне енгізілді. Бастамалар Қазақстан аумағында лицензияланбаған делдалдардың қызметін шектеуге, сондай-ақ қазақстандық инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
- Дамытудың және ретттеудің қос тізгінін қатар ұстағанда қандай тепе-теңдік болуы қажет?
Міндет шын мәнінде реттеушілік сипатта ғана емес, әрі ол барлық кәсіби қатысушыларға қатысты, атап айтқанда – қаржылық қызметтерді тұтынушыға инвестициялардың жағымды тәжірибесін алуға көмек көрсету. Мұндай тәжірибенің негізі болып табылатын аса маңызды буын – бұл реттеушіге инфрақұрылымдық ұйымдармен және кәсіби қатысушылармен бірлесіп жасауға тиіс қаржылық жүйеге деген сенім. Оған қоса, жергілікті кәсіби қатысушылар халықаралық нарықтағы операцияларды қоса алғанда, инвестициялық қызметтердің барлық түрлерін көрсете алады.
Жаңа қызметтерді дамытуға, клиенттердің қызығушылығын арттыруға, дәстүрлі қызметтерді цифрлық форматқа ауыстыруға және экожүйелерді дамытуға болады, бірақ осының барлығы кез келген жағдайда клиенттер жүгінетін ұйымдарға деген сенімге негізделуге тиіс. Бұл қаржы нарығының барынша тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және нәтижесінде экономиканың дамуына ықпал етеді.
Материалы к теме
Как сохранить свои деньги на вторичном рынке ценных бумаг?
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.
Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.
Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!