Қаралы күндер: Алматыдағы көрініс

Қаңтардың қаһарына ұшыраған Алматы бұл күндері қалың тұман арасында қайғыдан қан жұтты. 2022 жылдың алғашқы күндері ел тарихында ең ауыр кезеңнің бірі болып қалары анық.

Almaty 6 yanvarya 1 1 Cronos Asia

CA Cronos суреті, тоналған Алматы

Алматы қаңтардың 5,6 және 7-сі күні түске дейін жетімнің күйін кешіп, қаңырап «иесіз» тұрды. Тізгінді қолға алып, жөн сілтейтін жергілікті билік бұғып жатты. Әкім мен әкімшілікті былай қойғанда, көшеде бірде-бір полиция қызметкері, әскери адамдар болмады, әшейінде, белсенді болып жүретін нұротандықтар да жоқ. Қаланы белгісіз басбұзарлар иемденіп, ойларына келгенін істеді: дүкендер тоналып, қарапайым халық соққыға жығылды. Ғаламторы мен хабар тарату мүмкіндігінен айырылған алып шаһар зұлымдықтың құрсауында қалды.

 

Almaty 6 yanvarya 5 1 Cronos Asia
CA Cronos суреті. Алматыдағы президент резиденциясының маңында өртенген жол-құрылыс техникасы

Қаңтардың 4-інен 5-іне қараған түні Алматыдағы президент резиденциясының маңында шайқасқа ұласқан қақтығыстардан кейін туындаған шиеленіске қарамастан, 6 қаңтар күні түс ауа тыныштық орнады. Таңертең ғана қарудың дүмпуі мен түрлі жарылыстың ошағы болған Республика алаңында бейбіт шеру өтіп жатты. Ешкім ешкімге соқтықпады. Дегенмен, кейбір наразылық білдірушілер смартфонмен, тіпті бейнекамерамен түсіріліп жатқанын байқағанда, ашуланды.
Түсірілімді жақтырмағандар арасында аумақты тазарту үшін экспромттық топтарға қосылғандар да көп болды. Сырттан ешбір көмекке жүгінбей, сол тұрғындардың өзі аумақты түрлі қоқыстан тазартуға кірісті.

Post 3 1 Cronos Asia
CA Cronos суреті. 6 қаңтарда Республика алаңына жиналған жұрт қоқыс жинау бригадаларын құрды
Almaty 6 yanvarya 19a 1 Cronos Asia
CA Cronos суреті. Қоқыс арасынан осындай да заттар шықты

Алаңға келген жұрттың үрейі басым еді. Мәселен, тіркелмеген ҚДП өкілдері өздерінің көшбасшылары Жанболат Мамайды (кейіннен оны президент резиденциясына басып кірген адамдар қатты соққыға жыққаны белгілі болды) әртүрлі бөлімдерден іздей бастағанда тергеу изоляторындағы қылмыскерлердің барлығы босатылғанын білген екен. ҚДП жақтастарының пікірінше, дәл осы бостандыққа шыққан қылмыскерлер қаланы тонап, бейбіт жұрттың берекесін қашырған. Республика алаңына келген, жасы 73-ті алқымдаған қоғам қайраткері Жасарал Қуанышалин де дәл осындай пікірді ұстанады. Маңызды жайт – көліктер мен ғимараттарды өртеу, дүкендерге шабуыл жасау, адамдарды ұрып-соғу қаланың қарапайым тұрғындарының мүдделеріне сай келмейтінін барлығы атап өтті. Есі дұрыс адамның өзі өмір сүріп отырған ортасын күл-талқанын шығарып күйретпесі анық. "Біз лаңкес емеспіз, ақымақ та емеспіз! Халқымызға керек нәрсені не үшін қиратамыз?!" - деп cronos.asia-ға берген сұхбатында Жасарал Қуанышалин ағынан жарылды.

Almaty 6 yanvarya 23b 1 Cronos Asia
CA Cronos суреті. Өртенген әкімшілік. Оны қалыпқа келтіруге аз қаражат жұмсалмасы анық.

Айтпақшы, 6 қаңтар күні кешке қарай ұрыс басталғандықтан, Республика алаңына жиналуға мүмкіндік болмады. Алматының орталығынан автоматтың ғана емес, пулеметтің де жанды түршіктірген дүмпуін естиміз деп ойламаған едік. Осы тұста Алматының әр ауданынан достарымыз бен таныстарымыздан оқ атылғаны туралы хабар келіп жатты. Бұл жерде айта кететін жайт, тіпті 9 қаңтардан 10 қаңтарға қараған түнде де қаланың әр аймағында сирек оқ атылған. Күштік құрылымдарға қарсы шыққан содырлар сонша қару-жарақ пен оқ-дәріні қайдан алды? Бұл алдағы тергеу барысында қозғалатын негізгі мәселелердің бірі болуы керек.

Алаңды тазартып, баррикадаларды бұзған, наразылық білдірушілер құрған командалардан бөлек, бізді таң қалдырған әрі қуантқан жайтқа тоқталайық. Біріншісі – қала тұрғындары қиын сәтте қол ұшын беруге әзір екендігін көрсетті. Дүкендер жабық болғандықтан, азық-түліксіз отырған қаншама отбасылар бар. Осындай сәтте көптеген еріктілер тегін азық-түлік таратуға кіріскен. Екіншіден, белсенділер өз аулаларындағы жағдайды бақылауға алып қана қоймай, кейбір жағдайларда тонаушылардың шабуылына тойтарыс беріп отырды. Сондай көріністің бірі «Әйгерім» ықшамауданында болды, онда тұрғындардың өздері нөмірсіз көлік мініп келген дүкендер мен үйлерді тонаушы қарақшылармен күресті. Ал үшінші жайт – алматылықтардың қала басшылығы мен күштік құрылымдары жайлы пікірі бір жерден шықты. Қазақстанның басқа аудандарында қала мен облыс әкімдері халықтың алдына шығып мәмлеге келіп жатқанын көрдік. Сол ерлікті Алматы әкімінен көре алмадық. Тіпті, мәселе шиеленісе түскенде қала басшылығы мүлдем көзден ғайып болды. Тек әкім орынбасары Ержан Бабақұмаровты еміс-еміс естігендей болдық. Қалғандарының не тындырып жүргені беймәлім.

Ljudi 6 1 Cronos Asia
CA Cronos суреті. Фотодағы әйел таң атпастан нан пісіріп, қаланы аралап мұқтаж жандарға тегін таратып жүр.

Айтпақшы, қала тұрғындарымен сұхбаттасу барысында анықталғаны -  басқа елде немесе аймақта отырып алып, қара бұлтты төндіріп «болжам жасаушылар» сияқты алматылықтар ҰҚШҰ әскерінің енгізілуіне қарсылық білдірмеді. Себебі, қорқыныш пен үрей билеген тұста, тұрғындардың көкейінде «кім келсе де, тезірек келіп құтқарса екен» деген ой болды.

Не ұнамады? Ең әуелі, кейбір тұрғындардың сақтық шараларына мүлдем немқұрайлы қарағаны ызаландырды. Кейбір «қызыққұмарлар» оқ атылып, атыс болып жатқан тұсқа жаяу немесе көлігінің басын бұрып, тамашалауға аттанып жатты. Өкінішке орай, сондайлардың арасында жазатайым болып жатқаны аз емес. Бұл жерде жергілікті билік сондай аудандарға блок-бекеттер қоюы тиіс еді. Бірақ бұл істі де еріктілерден құралған тұрғындардың өзі атқарды. Ерен еңбегі үшін осыдан бір ай бұрын марапатталған НұрОтан партиясының өкілдері, маслихат пен мәжіліс депутаттары бұл қаралы күндерде қайда болды? Әлде қаңтардың суығы өтіп, бір мезетте барлығы, жаппай, ауырды ма екен?!

Post 1 1 Cronos Asia
Cronos суреті. Шеруге қатысушылар Республика алаңына кіре берістегі бақылау бекеттерін орнатуды бірінші болып қолға алды.

Қазір көпшілікті наразылық шаралары алдағы уақытта да жалғаса ма деген ой мазалайды. Болжам бойынша, белгілі бір жағдайларда мұндай ықтималдық бар. Бірақ егер Қазақстан басшылығы шын мәнінде реформалау барысында бірқатар маңызды қадамдар жасаса, олардан аулақ болуға болады. Біріншіден, елдегі жағдай тұрақталғаннан кейін ҰҚШҰ әскері Қазақстаннан кетуі тиіс. Екіншіден, парламентті таратып, жаңадан сайлау өткізген жөн, оған саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ғана емес, бір мандатты округтер арқылы партияда жоқ жекелеген азаматтарға да қатысуға мүмкіндік беру керек. Соңғы парламент сайлауы аралас жүйе бойынша өткен көршілес Қырғызстанның тәжірибесіне тереңірек үңілген жөн шығар. Үшіншіден, еліміздің жекелеген заңдарын, оның ішінде «Тұңғыш Президент туралы» заңның бірқатар нормаларын қайта қарау керек. Өткен жиындарда айтылған Конституцияны қайта қарау бастамаларына көз жүгірткен жөн болар. Ең бастысы, барлығы бір-біріне қауіп төндірмей, бейбіт түрде жүруі тиіс. Соғыс – шешімнің ең сорақысы, солай екеніне алматылықтар куә, қайғы мен қасіретке толы бұл кезеңнен әрбір қазақстандық сабақ алып, ой түйді. «Бейбітшілік» ұғымының қандай қастерлі екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік!


Кез келген материалды қолдану үшін cronos.asia сайтына гиперсілтеме жасаңыз.

Central Asia Cronos Telegram-каналына жазылып, өзекті ақпаратты бірінші болып біліңіз!




Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.

Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!


Свежие новости