Отыздан асқан "Болашақ": мемлекеттік бағдарлама ел игілігіне айналды ма?

"Болашақ" бағдарламасынан болашақ көресіз бе?

Отыздан асқан "Болашақ": мемлекеттік бағдарлама ел игілігіне айналды ма?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылған, білім беру саласындағы ең танымал жобаның бірі - "Болашақ" бағдарламасы. Жоба 1993 жылы құрылғаннан бері, жоғары білікті кадрларды даярлау бойынша еліміздегі ең көрнекті бастамалардың бірі болып саналады. Бұл стипендиялық бағдарлама дарынды студенттер мен мамандарға әлемнің жетекші университеттерінде шетелде білім алуға мүмкіндік береді.

“Болашақтың” арқасында талай жастарымыз білім қуып, шетел асып оқу оқыды. Қарап отырсақ, бұл жоба жүзеге асқалы 30 жылдан астам уақыт өтіпті. Осы орайда “Нәтиже бар ма, жоқ па?” деген сұрақтың болуы заңды. Бұл сауалға жауап бермес бұрын отыз жылдық статистикаға көз жүгіртіп өтейік.

"Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта "Болашақ" бағдарламасы бойынша 12 474 маман даярланған.

"Ең көп түлектер Ұлыбритания, АҚШ және Канада сияқты жетекші университеттерде білім алған. Үшінші орында – Еуропа елдері, жалпы санының 12%-ы. Одан кейін Азия елдері және Ресей Федерациясы тұр. Мемлекет академиялық білім алу, тағылымдамадан өту, жол құны, медициналық сақтандыру, виза төлемдері, оқу материалдарын сатып алу шығындарын төлейді сондай-ақ ай сайын шәкіртақымен қамтамасыз етеді. Стипендияның мөлшері елге байланысты. Магистратура бағдарламасы бойынша оқудың орташа құны 10 миллион теңгені, докторантураның құны 20 миллион теңгені құрайды", – деп хабарлады ХБО баспасөз қызметі.

Ресми деректерге сәйкес, студенттердің басым бөлігі Гарвард, Оксфорд, Кембридж, MIT сияқты АҚШ пен Ұлыбритания университеттерінде, сондай-ақ жетекші медициналық және техникалық оқу орындарында білім алды. Жалпы білім алушылардың 50% - гуманитарлық, 41% - техникалық, 7% - медициналық және 2% - шығармашылық бағытты таңдаған.

«Болашаққа» құйылған қаражат

Жылдар бойы "Болашақ" бағдарламасы мемлекет тарапынан қомақты қаржылай қолдауға ие болып келеді. Бағдарлама аясында қазақстандықтарды шетелде оқыту үшін жалпы 370 миллиард теңге бөлінген. Алайда, әлемнің жетекші университеттерінде бір студентті оқыту шығындары жылына бірнеше жүз мың долларды құрауы мүмкін. Экономикалық дағдарыс жағдайында және ішкі білім беру жүйесін дамыту қажеттілігінің аясында бағдарламаның тиімділігі туралы мәселе күннен күнге өзекті бола түсуде. Осы орайда, ауқымды жобаның тиімді тұстарына тоқталып өтейік.

"Болашақ" мүмкіндіктері

Халықаралық тәжірибе және байланыстар. "Болашақ" түлектері Қазақстанға тек білім ғана емес, сонымен қатар халықаралық байланыстарды алып келеді, бұл жеке бизнесті және мемлекеттік секторды дамытуға мүмкіндік береді.

Әлемнің жетекші университеттеріне қолжетімділік. Қазақстандық студенттер әлемдегі үздік оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болады.

Кәсіби дағдылардың өсуі. Бағдарлама түлектерінің көпшілігі елге оралып, негізгі салаларда жұмыс істеп, елдің дамуына елеулі үлес қосады. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті, озық ойлы жас буынның қалыптасуына септігін тигізеді. Бұл артықшылықтарына қарамастан, бағдарламаның кемшін тұстары да бар.

Бір қайнауы кем "Болашақ"

Мамандардың шетелге кетуі. Бағдарламаның басты мәселелерінің бірі – жоғары білікті мамандардың шетелде қалып, жұмыс істеуі. Стипендиаттардың Қазақстанға оралып, белгілі бір уақыт жұмыс істеуі міндетті болғанына қарамастан, түлектердің едәуір бөлігі білім алған елдерінде қалудың жолдарын табады.

"Бұл бағдарлама бойынша барлығы 13,5 мың адам оқытылды, шарттарды бұзғандар, оның ішінде шетелге кеткендер шамамен 2% – 200-ден астам маман. Бұл – төмен көрсеткіш", – деп атап өтті Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Дегенмен, бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Себебі, елге оралмаған түлек саны бар-жоғы 200 шамасында деп көрсетілгенімен, Қазақстанға келіп, “есеп үшін” бағдарлама алдындағы “борышын” орындап, қайтадан шетел асып кеткендер қаншама?! Ондайлардың талайын көзбен көріп, құлақпен естіп жүрміз!

Үлкен шығын. Бір студентке жұмсалатын қаржы өте жоғары, әсіресе барлық түлектердің Қазақстанға қайтып келмейтінін ескерсек. Осылайша, елдің ішкі білім беру инфрақұрылымын дамытуға жұмсалуы тиіс қаражат, шетелде оқып, бірақ Қазақстанға оралмайтын мамандарды оқытуға кетеді. Бұл қаражатты Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін дамытуға жұмсауға болар еді. Ұлттық университеттер құру, оқытушылардың біліктілігін арттыру, инфрақұрылымды жақсарту ел ішінде кадрлар даярлаудың неғұрлым тұрақты әрі ұзақ мерзімді стратегиясына айнала алады.

Студенттердің қайтып оралуын бақылаудағы олқылық. Түлектердің Қазақстанға оралып, өз міндеттерін орындауын бақылау тетіктері әрдайым тиімді болмай жатады.

Халықаралық тәжірибе

Өзге елдердің тәжірибесіне үңілер болсақ, "Болашақ" сынды мемлекет есебінен шетелде оқуға мүмкіндік беретін бағдарламалар басқа мемлекеттерде де бар. Шетелде оқитын студенттерді қолдаудың халықаралық тәжірибесінен бірнеше мысал келтіре кетейік.

Сауд Арабиясында әлемдегі ең ірі бағдарламалардың бірі "King Abdullah Scholarship Program" жобасы бар. Бұл бағдарлама студенттерге АҚШ, Канада, Ұлыбритания және басқа елдердің үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама оқу, медициналық сақтандыру және тұру шығындарын өтейді. Бұл елде өз азаматтарын шетелге оқуға жіберу дәстүрі ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. Нәтижесінде, олар ағылшын тілін жетік меңгерген интеллектуалды класты қалыптастырды. Бүгінгі Дубай немесе Абу-Дабидің жетістіктерін осы мамандар қамтамасыз етіп отыр.

Сингапурда Singapore Government Scholarships сияқты бірнеше бағдарлама бар, олар жергілікті студенттердің шетелде оқуын қаржыландыруға бағытталған. Бағдарлама Сингапурдың болашақ дамуы үшін маңызды мамандықтар бойынша әлемнің жетекші университеттерінде білім алуды қолдайды. Оқу аяқталғаннан кейін студенттер елге оралып, бірнеше жыл бойы мемлекеттік немесе жеке компанияларда жұмыс істеуге міндетті.

Қытайдың "China Scholarship Council" бағдарламасы шетелде оқығысы келетін студенттерді қолдайды. Мемлекет әлемнің үздік университеттерінде оқуды қаржыландырады және жоғары академиялық жетістіктер көрсеткен студенттерге стипендия береді. Бағдарламаның мақсаты – ғылым, техника және инновациялар саласында елге көмектесетін жоғары білікті мамандарды даярлау. Қытай жылына 100 мыңға жуық азаматқа дәл осындай мүмкіндікті ұсынып келеді.

"Болашақ" бағдарламасы сияқты мұндай бағдарламалар жоғары білікті мамандарды даярлауда маңызды рөл атқарады. Олар студенттерге әлемдегі жетекші университеттерде білім алуға мүмкіндік береді, бұл кейіннен елдегі экономика мен технологиялардың дамуына ықпал етеді.

Бағдарламаның өміршең болуы – оның қоғам үшін маңыздылығында болса керек. Бүгінге дейін "Болашақ" - мыңдаған қазақстандықтарға шетелде сапалы білім алуға және сол тәжірибені елге әкелуге мүмкіндік берді. Алайда, мамандардың шетелге кету мәселесі мен жоғары қаржылық шығындар оның ұзақ мерзімді тиімділігіне күмән туғызуда. Осы орайда, бұл бағдарлама елдегі ахуалға байланысты қайта реформалауды, жаңарта отырып толықтыруды қажет етеді. Сонда ғана “Болашақ” жастарға мүмкіндік сыйлап, халықаралық байланыстарды нығайтудың маңызды құралына айналады.




Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.

Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!


Мы в Телеграм

Свежие новости