Қазақстанда 1 миллионға жуық бала кедейлік зардабын шегіп отыр

Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинеті Парламент Мәжілісі депутаттарының ұсыныстарын қабылдамай, ана капиталын енгізуден бас тартты.

bednost Cronos Asia

Фото: yrist911.ru

Біздің елде ана мен балаға қолдау көрсету билік үшін бірінші кезектегі міндет емес сияқты. Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өткеннен кейін халық қалаулылары үкіметтен теріс жауап алды. Тақырыпқа қызығушылық танытқан CA Cronos редакциясы Қазақстан үкіметінің балаларды қолдау мақсатында жасап жатқан қамқорлығына тоқталып өтуді жөн көрді.  

8 наурыз - Халықаралық мереке қарсаңында Халықтық партия фракциясының депутаты Ерлан Смайылов дүниеге келген әр бала үшін елімізде ана капиталын енгізуді ұсынды. Сондай-ақ депутат мемлекеттік төлемнің мөлшерін де жария етті - 4,2 миллион теңге (бұл бүгінде 10 мың доллар) шамасындағы сома. Салыстырар болсақ: Ресейде бірінші балаға арналған ана капиталы - 6640 долларды құрайдды).

Депутат ұсынған бұл қаржыны қайда жұмсауға болады? Әрине, бірінші кезекте ойға келетіні – тұрғын үй мәселесі, тұрмыс деңгейін жақсарту, балаға сапалы білім беру.

Жалпы, халық қалаулысының бұл ұсынысы жаңашылдық емес. Көршілес Ресей бұл идеяны бірнеше жылдан бері жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, ресейлік балалардың кәсіптік одақ есебінен сауықтыру лагерлерінде демалуға, шипажайларда денсаулығын жақсартуға мүмкіндігі бар. Ал біздің елде мемлекет пен кәсіподақтың көмегіне жүгініп, балаларын сауықтыру лагеріне жіберген ата-ана бар ма осы? Қазақстанда балаларға осындай көмек көрсетіле ме? Көңілде күмән көп.

Депутаттың ұсынысы жайлы әңгімеге қайта оралайық. Табиғи ресурстарға бай, талай рейтингте көш бастаған Қазақстанда, ЮНИСЕФ-тің зерттеуіне сәйкес, балалардың 15,6% -ы табыс деңгейі өте төмен отбасыларда тұрады. Демек, 1 миллион бала кедейліктің құрсауында.

Сондай-ақ, көп балалы отбасылар, әдетте, әр теңгені үнемдеуге мәжбүр.

«Отандық зерттеушілердің пікірі бойынша, көпбалалы болу кедейлікке алып келетін факторға айналып отыр. Тұрмыстық деңгейі нашар қазақстандықтардың 80% -дан астамы бес немесе одан да көп адамы бар отбасыларда тұрады. Статистикаға сүйенсек, біздің елімізде 340 мыңнан астам көпбалалы отбасы бар», – деп Ерлан Смайылов көңілге қаяу түсірер ақпаратты ортаға салды.

Жағдайымыз мүшкіл емес!

Мәжілісмендер парламенттік сауалдың жауабын үш ай күтті. Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өткеннен кейін бірден вице-премьер Ералы Тоғжанов бұл ұсыныстың қабылданбағаны туралы ресми түрде мәлімдеді.

tugzhanov Cronos Asia

Ресейлік тәжірибені егжей-тегжейлі тексерген шенеуніктер бірауыздан Ресейдегі ана капиталы мәжбүрлі құбылыс және уақытша шара деген пікірге келді. Олардың пікірінше, көрші елдің демографиялық ахуалы бізге қарағанда әлдеқайда төмен екен. Сонымен қатар, уақыт көрсеткендей, ана капиталының идеясын жүзеге асыру, біздің зерттеушілердің пікірінше, тиімсіз құбылыс!

«Бағдарламаны Іске асыру кезінде Ресей Федерациясында туу коэффициенті 1,4 пайызды құрады. Осы бағдарламаны жүзеге асыру барысында (13 жылдан астам) туудың жалпы коэффициенті 0,1 пайыздық тармаққа өсті (Ресей Федерациясының статистикасы бойынша), бұл ана капиталының тиімсіздігін көрсетеді», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Үкіметтің жүргізген есебі езуге еріксіз күлкі үйіреді. Тіпті, біршама сұрақ туындайды. Мысалы, зерттеу жүргізу барысында ана капиталының арқасында қанша ресйлік отбасы баспанаға қол жеткізгендігі немесе тұрмыстық жағдайын жақсартқаны жайлы неліктен мәлімет жоқ? Неге ресейліктердің балаларды оқыту үшін депозитке қанша ақша салғанын анықтап көрмеген?

Мүмкін, біздікілер рейсейлік тәжірибені толық зерттемеген болар. Қалай болған күнде де, премьер-министрдің орынбасарының айтуынша, біздің шағым орынсыз екен.

«Бүгінгі Қазақстандағы аналар мен балаларды қолдау жүйесі жәрдемақылардың уақытылы және тұрақты төленуіне кепілдік береді және әртүрлі өмірлік жағдайларды қарастырады. Оған жүктілік және босану кезіндегі әлеуметтік төлемдер (орташа айлық жалақының шамамен 40% -ы), бала туғанда берілетін жәрдемақы (бірінші, екінші, үшінші бала туғанда - 110 846 теңге, төртінші және одан көп балаға - 183 771 теңге), бір жасқа дейінгі бала күтіміне (16 802-ден 25 962 теңгеге дейін) арналған төлем түрі жатады», – деп мәлімдеді Тоғжанов.

Сенейін бе, сенбейін бе?

Қазақстандағы орташа жалақы бүгінде 223 213 теңгені құрайды (біз жоғарыдан келген есептерді емес, нақты жағдайларды ескере отырып, бұл көрсеткішке күмәнмен қараймыз).

Нәресте дүниеге келгенде анасы 89 285 теңге көлемінде (Қазақстан Республикасындағы орташа жалақы мөлшерінде) және бір рет төленетін 110 846 теңге жәрдемақы алады. Жалпы алғанда 200 мың теңгеден сәл асады. Бұл ақшамен қай жыртығыңды жамайсың? Бүгінде талай жас отбасының басында баспана жоқ екендігін айтпағанда, азық-түлік пен бірінші кезектегі тауарлардың бағасы күн санап шарықтап келеді.

Finprom.kz хабарлағандай, Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі де өсуде. Әсіресе Алматы, Түркістан облысы және Шымкент шаһарында жұмыссыздық белең алып отыр. Дәл осы өңірлерде туу деңгейінің көрсеткіші де жоғары екенін баршамыз жақсы білеміз.

Неліктен шенеуніктер, ана капиталы - бұл елдің болашағына жасалатын ұзақ мерзімді инвестициялау екенін түсінбейді? Неге LRT сынды қайдағы бір көліктік жүйеге миллиардтап қаржы құйылады?

Неліктен айғай-шуға толы даңғаза жобаларға қыруар қаржыны бөлетін билік, тұрмыстың тауқыметін арқалап жүрген көпбалалы аналарға келгенде тиын санап қалады?

Үкіметтің бүгін ана капиталын  енгізу идеясынан бас тартуы - жас отбасыларға қолдау көрсету билік үшін бірінші кезектегі міндет емес екендігін білдіре ме?

Ал Халықтық партияның депутаттары Министрлер кабинеті бас тартты екен деп әрекетсіз отырғаны жөн болмас. Себебі, қарапайым қазақстандықтардың мүдделерін қорғау - олардың басты міндеті. Демографиялық статистикада не айтылғанына қарамастан, сәби сүю көпшілік үшін қолжетімсіз дүниеге айналып бара жатқанын ұмытпайық.

Жазира Бергалиева


Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!



Рекомендуем также прочитать


Свежие новости