Ануар Қошқарбаев: қазақ хоррорына жаңа тыныс

Қазақ хорроры: Ануар Қошқарбаев «Қызыл көктем зауалы» арқылы даланың тылсымын заманауи хоррормен ұштастырады.

Ануар Кошкарбаев на фоне картин с выставки. Ануар Қошқарбаев қазақ хоррорына жаңа тыныс сыйлады

Фото: Дана Краснова // Cronos.Asia

Бүгін біз "Қызыл көктем зауалы" романымен отандық әдебиетте жаңа парақ ашқан жазушы Ануар Қошқарбаевпен сұхбаттасамыз. Оның шығармалары қазақ даласының тылсым аңыздарын заманауи хоррордың қарқынымен тоғыстырады. Бір сәтке жарықты сөндіріңіз... Сол қараңғылықта оның сөздері тіріліп, сізді қазақ хоррорының жүрегіне жетелейді.

- "Қызыл көктем зауалы" кітабының аннотациясына қарағанда, негізгі оқиға жүкті Гүлбақыт төңірегінде өрбиді. Бұл шығармада тағы қандай кейіпкерлер бар? Оқиға қай кезеңде және қай жерде өтеді?

- Иә, Гүлбақыт — шығарманың басты кейіпкері. Оның жүкті болуы — оқиға желісіне сезімдік тереңдік беретін маңызды фактор. Дегенмен, тек Гүлбақыт қана емес, оның айналасында да маңызды кейіпкерлер бар. Соның бірі — оның інісі Фархат. Ол да өз алдына ерекше образ. Фархат әпкесінің шақыруымен ауылға келеді, бірақ жолға шығарда әпкесі оған телефон арқылы түс кезінде ауыл маңындағы қызыл алқаптан өтпеуді қатаң ескертеді.

- Демек, оқиға қазіргі заманда, яғни мобильді байланыс бар кезеңде өтетін сияқты ғой?

- Дұрыс байқадыңыз. Інісі әпкесінің кеңесіне құлақ асып, ауылға түн ауа жетеді. Сол кезде ғана әпкесі өзінің екіқабат екенін айтып, болашақ баласын қалай асырап өсіретініне байланысты ішкі уайымымен бөліседі.

Тағы бір есте қаларлық кейіпкер — Гүлбақыттың күйеуі Мейрам. Ол — атына заты сай, ауылда бос жүрген жас жігіт. Кейде әкесінің айтуымен аңға шығады немесе мал бағады. Әйелінің екіқабат екенін әлі білмейді. Шығарма барысында Мейрамның әке болуға қаншалықты лайық екені сынға түседі.

- Қазақша хоррор оқырмандарға не үйрете алады? Бұл шығарманың жай ғана жазылу мәнері ме, әлде оның негізгі өзегі не?

- Хоррор — бұл тек көркемдік тәсіл емес, адам тағдырының ең ауыр сәттерін еш боямасыз, шынайы қалпында көрсететін әдеби жанр. Мұнда басты назар — кейіпкерлердің, әсіресе ерлі-зайыптылар арасындағы қарым-қатынастың және қиындықтарға төтеп беру жолдарының психологиялық тереңдігіне бағытталады. Мұндай жағдайлар өмірде де кездеседі. Алайда хоррордың артықшылығы — ол сол шындықты бүкпесіз, адамның ең терең, ең жасырын қорқыныштары арқылы аша біледі. Бұл жанр оқырманға кейіпкерлермен бірге күйзеліс пен үмітсіздікті бастан кешіп, рухани катарсиске жетуге мүмкіндік береді.

- Сізге осындай қызық сұрақ: қазақ хоррорын қандай иіспен байланыстырар едіңіз?

- Адыраспанның ащы түтіні мен ескі үйдің тынысы сіңген киіздің иісі. Шам жарығы дірілдеп, терезе сыртында үнсіз түн тұрғанда, шегірткенің шырылы мен үкілердің үні құлаққа келеді. Сыртқа шықсаң, қараңғыда жалғыз қалған адамның үрейге толы иісі сезіледі.

Кейде ұзақ жылдар бойы сақталып келген марқұм адамның ескі киімінің иісі кенеттен сезіледі. Шкаф түбінен шыққан сол шапан немесе жейде сені өткеннің қақ ортасына апарып тастайды. Бұл тек естелік емес, қайта тірілген уақыттың елесі. Иісі арқылы өмірге оралған адамның үнсіз бейнесі.

- Қай қазақ мақалын қорқынышты оқиғаға эпиграф ретінде қолданар едіңіз?

- Қазақ мақалдарының арасында қорқынышты проза мен мистикалық оқиғаларға арналған көптеген мақалдар бар. Мысалы, "Өлі разы болмай, тірі байымайды" деген мақал — тек наным емес, қазақ дүниетанымындағы тірі мен өлі арасындағы көрінбейтін байланыс туралы терең философияны ашады. Бұл — ескерусіз қалған зираттар, ұмыт қалған аталар, орындалмаған өсиеттер мен рухани борыштар туралы оқиғаның бастамасы. Егер әдебиетте аруақ ренішінің салдарынан туған оқиға, ата-бабаның үнсіз назын жеткізу керек болса, дәл осы мақал таптырмас кілт болар еді.

Сондай-ақ, "Қараңғы үйде қайғы басар" деген мақалдың өзі — тұнып тұрған атмосфера. Бұл сөйлемде тікелей үрей жоқ, бірақ оның тереңінде тұншыққан үнсіздік, қорқыныш пен күйзелістің салмағы бар. Бұл эпиграф түнгі үй, үзіліп қалған әулет, жарығы сөніп, аруағы сөйлеген қара шаңырақ туралы туындының кіріспесіне мінсіз.

Ал "Өгізге туған күн бұзауға да туады" деген мақал — дәстүрлі хоррор сюжеті үшін өте жақсы келеді. Бұл мақалда өткеннің қарғысы, қылмысы немесе жазасы ұрпақтан ұрпаққа өтетіндігі туралы идея бар. Әсіресе, "әкесінің күнәсі баласына ауысып, оқиға қайтадан басталғанда" деген типтегі оқиға үшін бұл мақал — тек эпиграф емес, романның өзегі бола алады.

- Жазушылық сіз үшін — кәсіп пе, миссия ма, әлде ішкі қажеттілік пе? Сізге не күш береді: жалғыздық па, қоғам ба, жоқ әлде бір реніш пе?

- Жазушылық мен үшін тек кәсіп емес, терең ішкі қажеттілік. Кейде өзімді жазушы деп санамаймын, себебі сөз жазу — менің өмір сүру тәсілім. Сөздер мені құтқарып, ішкі тыныштық сыйлайды, бірақ мен сонымен қатар қоғамның дауысын, оның қайғысын және болашағын тыңдаймын. Менің күшім — менің жазбаларымда, солар арқылы мен әлеммен қарым-қатынас орнатамын. Жалғыздық та мені шыңдайды, бірақ мен үшін ең үлкен күшім — қоғамдағы әділетсіздікке деген наразылығымда, сол арқылы мен шығармаларымда әлемді түзетуге ұмтыламын.

- Сіз өзіңізді Қазақстан әдеби ортасының бір бөлігі ретінде сезінесіз бе, әлде шетте тұрсыз ба? Бүгінгі таңда Жазушылар одағының рөлі қандай — және ол өзгеруі керек пе?

- Мен өзімді әдеби ортаның бір бөлігі деп санасам да, кейде сыртта қалғандай сезінемін. Қалам ұстағаныма жылдар өтсе де, ресми түрде әлі жазушылар одағына мүше болған емеспін. Бір жағынан, бұл — арман, екінші жағынан, белгісіз аймақ. Қалай кірем, кімге жүгінем, не күтем — бұлыңғыр. Көңілде екі түрлі сезім бар: бір жағынан, шығармашылық ортаға еніп, әріптестермен қатар жүруді қаласаң, екінші жағынан, шетте қалу — еркіндік сияқты.

Кейде ойлайсың: егер жазушылық жолды көрсететін бағдарлама, мемлекеттік деңгейде нақты жүйе болса — тіпті, баспадан шығу, фестивальге қатысу, грантқа өтіну тәрізді тетіктердің бәрі түсінікті, айқын болса — біз сияқты шеттен қарап тұрғандар да әдебиет айдынына батыл енер еді.

- Бүгінгі Қазақстан Жазушылар одағына қандай жаңа тыныс қажет деп ойлайсыз? Ол бүгінгі жас авторларға нақты не бере алады?

- Қазақстан Жазушылар одағының рөлі маңызды, бірақ оған жаңа серпін қажет. Меніңше, Жазушылар одағы тек шығармашылық орталық қана емес, жаңа заманға сай өзгерістер енгізетін алаң болуы керек. Жастарға бірегей мүмкіндіктер беру керек. Олар жаңа тақырыптар мен формалармен жұмыс істейді, бірақ қолдау таппағандықтан, жиі қиындықтарға кездеседі. Одақ жастарды қолдап, шығармашылығына бағыт беруі керек. Қаламгерлер жас ұрпақ арасында кітап оқу мәдениетін жаңғыртып, қазақ тілінің өміршеңдігін арттыру үшін бірігуі керек. Тек сөздермен ғана емес, нақты іс-қимылдармен бірге жұмыс істеуіміз қажет.

- Жазушы ретінде сіздің жаһандық арманыңыз қандай? Әдеби мансабыңызда нені бағындырғыңыз келеді?

- Арманым шексіз. Кейде олар тым биік, кейде тым қарапайым болып көрінеді. Бірақ бір арманым нақты: қазақ тілі — қазақ жерінде тек тұрмыс тілі емес, толыққанды шығармашылық, ғылыми, ресми, мәдени тіл ретінде берік орнауы керек. Қазір жұрттың арасында қазақ тіліне қатысты күмән, селқостық, тіпті жасырын қарсылықтың белгілері байқалып қалады. Жазушы ретінде менің арманым — күмәнді серпіп тастап, сөзімен сендіріп, жүрекке жететін туындылар жазу.

Менің тағы бір үлкен арманым — Қазақстанда кітап оқу мәдениетін қайта тірілту. Қазір біз оқырманды жоғалтқан ұлтпыз. Бірақ бұл қайтып келмейді деген сөз емес. Егер қаламдастар бірігіп, бір кеңістікте, бір мақсатта жұмылса — қазақ әдебиетін қайтадан беделге, қажеттілікке, рухани сұранысқа айналдыруға болады. Мен сол үшін жазып жүрмін.

- Сіздің ойыңызша, алдағы он жылда қазақ әдебиетінде қандай үрдістер күтіледі — және сіз сол болашақтың қай тұсында болғыңыз келеді?

- Қазақ әдебиетінде болашақта айтарлықтай өзгерістер болады. Әсіресе жас қаламгерлер жаңа бағыттар, жанрлар мен стилдер қалыптастырады. Біз тек дәстүрлі емес, заманауи, мультимедиялық әдебиет нұсқаларын да көреміз. Әдебиетте ғылыми және философиялық ойлар өзара кірігіп, дамиды. Бұл үрдіс әдебиетімізді жаңа кезеңге, тереңдікке және жаһандық деңгейде танылуға әкеледі деп сенемін.

Шығармашылығымды тереңдете отырып, мен тек қазақ әдебиетінде ғана емес, әлемдік әдебиетте де өз орнымды табуға тырысамын. Менің ең үлкен арманым — қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейге шығуына өз үлесімді қосу.




Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.

Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!


Мы в Телеграм

Свежие новости