Трендті қоғамдық дертке айналдырып барамыз...
Желідегі “статустың” сәнін келтірген тренд өнімдердің құны сапасына сай ма?
Әлеуметтік желінің қуатты қару екендігіне күн өткен сайын көзіміз жетіп келеді. Барды жоқ қылып, жоқты бар ететін, құнсыздың құнын бір мезетте көкке жеткізетін де осы қарудың күші. Соңғы кездері әлеуметтік желіде тағамды трендке айналдыру үрдісі пайда болды. Дәл қазір еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін Дубай шоколады мен корей жүзімі жайлы біледі, тіпті, көпшілігі елден қалыспай дәмін татып та көрген. Неліктен біз трендті қоғамдық ауруға айналдырамыз...?
Бұл тәттілердің елімізде үлкен сұранысқа ие болуына не себеп? Желідегі "статустың" сәнін келтірген тренд өнімдердің құны сапасына сай ма? Бұл сұрақтардың жауабын cronos.asia анықтап көрді.
Елді дүрліктірген дубайлық шоколад Инстаграм, Тикток желілері арқылы танымал болды. Көпшілікті бұл өнім тек дәмімен ғана емес, сыртқы пішіні және салмасының түсімен де қызықтырды. Шоколадтың нарықтағы бағасы 15-20 мың теңгені құрайды, шағын бөлігін 5 мың теңгеге дейін алуға болады.
Хитке айналған өнімді блогерлерден бастап, қарапайым халыққа дейін сатып алып, дәмін бағалап, әлеуметтік желілеріне жарыса жүктеді. Сатып алуға шамасы келмегендер арнайы әзірлену жолын анықтап, ас үйлерінде шама-шарқы келгенше жасады. Кейбір тұтынушылар оны қымбат бағасы үшін сынға алса, басқаларының сыртқы пішініне көңілі толмады. Тикток пен инстаграм желілерінде бұл өнімге қатысты сан алуан пікір бар, кейбір қолданушылар шоколадтың дәмдік сапасы көңілден шықпағанын ашық айтуда.
"Shine Muscat" жүзімі
"Shine Muscat" – 1988 жылы Жапонияда шығарылған жүзімнің ерекше сорты. Алайда корей өндірушілерінің арқасында бұл өнім үлкен танымалдылыққа ие болды. Сондықтан да ол "корейлік жүзім" деген атауға ие болды. Бұл жүзім өзінің тәтті дәмімен, ірі және жарқыраған жасыл түсті, қытырлақ құрылымды жидектерімен ерекшеленеді. Оңтүстік Корея мен Жапонияда бұл жүзімнің мәртебесі арта түсті, ал оның бір шоғының бағасы ондаған долларды құрауы мүмкін. Жақында Тайландтың тұтынушылар құқығын қорғау кеңесі Мускат жүзімінің құрамында 14 түрлі химиялық қосылыс пен 50 пестицидтің бар екендігін анықтады. Бұл деректер өнімнің қауіпсіздігіне күмән келтіріп, тұтынушылар арасында алаңдаушылық туғызды. Алайда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы тапсырмасымен жүргізілген сараптама нәтижесінде "Shine Muscat" жүзімінің құрамында ағзаға зиян келтіретін зиянкестің жоқ екендігі анықталды.
Дегенмен, әдемі қаптама мен ерекше дәмнің артында денсаулыққа зиян келтіретін қауіптің жасырын болуы мүмкін екендігін ешкім жоққа шығармайды. Соған қарамастан, әлеуметтік желілердегі қызу талқылаулардың арқасында бұл өнімге деген сұраныс азаяр емес.
Үлкен танымалдылыққа не себеп?
Эстетика және ерекше дәм. Дубайлық шоколад пен корейлік жүзім сыртқы ерекшеліктерімен көзге түсті. Бұл өнімдер тек тағам ретінде ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік желілерде фотосуретке түсіп, өзгелерді таң қалдырудың бір құралына айналды.
Әлеуметтік әсер. Ықпалды тұлғалар мен блогерлердің бұл өнімдерді жарнамалауы сұранысты күшейтті. Жас буын трендтерден қалғысы келмейді, сондықтан да өнімді сатып алып бірден тұтынуға асықпайды, оны әуелі өзінің әлеуметтік желісіне жүктейді.
Сирек кездесетін өнімдер. Өнімдер Қазақстан аумағына кең таралмаған, бұл өнімнің құндылығын арттырып тұр. Әсіресе, импорттық азық-түлік әрдайым эксклюзивті болып келеді.
Бағасы неге қымбат?
Бағаның шарықтауына бірнеше себеп бар:
Импорттық шығындар. Шоколад пен жүзім тікелей шетелден жеткізіледі, бұл олардың құнын айтарлықтай арттырады.
Брендтің әсері. "Дубайлық" немесе "корейлік" деген атаудың өзі тауардың беделін арттырып, оның құнын қымбаттатады.
Шектеулі ұсыныс. Нарықта бұл өнімдер аз мөлшерде болғандықтан, баға жоғары болып қалыптасады.
Әлеуметтік желі тамақты сәнге айналдырып берді
Қазақстандықтардың жаңа трендтерге еліктеуі – әлеуметтік-мәдени ерекшеліктердің айқын көрінісі. Мұндай трендтер көп жағдайда адамның әлеуметтік мәртебесін көрсету құралына айналады. Дубайлық шоколад немесе корейлік мускат жүзімін сатып алып, бөлісу тек өнімді тұтыну емес, сонымен қатар трендке сай болудың бір тәсілі.
Гастрономиялық өнімдердің дәмін татып, өз әсерімен бөлісуді сәнге айналдырған блогерлер сол өнімнің үлкен аудиторияға таралуына ықпал етіп отыр. Көптеген оқырман бұл өнімдерді бедел мен эксклюзивтіліктің символы ретінде қабылдап, шамасы жетпесе де алуға тырысады. Трендке ілесу деген ұмтылыс адамдарды қымбат өнімдерді сатып алуға итермелейді, бұл олардың шынайы құндылығын немесе пайдасын ескермеуге алып келеді. Елден қалыспаймын деп тренд өнімдерді несиеге алып жүрген жандар да баршылық. "Қарапайым жүзімді 9 мың теңгеге алып не көрінді?" деп тренд қумай, қаражатын жүйелі пайдаланатын жандар да жетерлік. Бір нәрсе анық – әлеуметтік желінің мазмұнын байытып тұрған танымал өнімдер тренд болудан қалған күннің өзінде де оның орнын басатын жаңа тренд пайда болады. Халықтың қалтасын қағар тренд өнімдердің денсаулыққа да кері әсері болуы мүмкін. Сондықтан да жылтыраққа жүгірмес бұрын осыны да бір ескерген жөн.
Автордың басқа да мақалалары:
Қазақстан және әлемдік мұнай нарығы: мұнай бағасының ел экономикасына әсері
Жасанды интеллект болашағы: таяу он жылда бізді не күтіп тұр?
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.
Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!