Қазақстан банк секторының 2024 жылғы 1 мамырдағы жай-күйі туралы

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның 11-і шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і еншілес банк.

Қазақстан банк секторының 2024 жылғы 1 мамырдағы жай-күйі туралы

фото: freepik.com

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша банк секторының активтері негізінен өтімді активтердің 3,6%-ға немесе 751 млрд теңгеге азаюы есебінен ағымдағы жылғы сәуірде 1,0%-ға немесе 514 млрд теңгеге азайып (2024 жылдың басынан бері 1,9%-ға немесе 969 млрд теңгеге өсу), 52,4 трлн теңгені құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 15,4 трлн теңгені немесе активтердің 29,4%-ын құрады, бұл банктерге міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
2024 жылғы сәуірде екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 1,4%-ға 29,1 трлн теңгеге дейін (2024 жылдың басынан бері 4,2%-ға өсу), оның ішінде ұлттық валютада 1,1%-ға 26,8 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 5,0%-ға 2,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 92,1%-ды құрады.

Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 2024 жылғы сәуірде 1,8%-ға 11,4 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 0,9%-ға өсу). Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілетін кредиттер 1,4%-ға 9,6 трлн теңгеге дейін өсті (2024 жылдың басынан бері 1,0%-ға төмендеу). Оның ішінде ШОБ субъектілеріне қарыздар 1,0%-ға 5,6 трлн теңгеге дейін, ірі бизнеске қарыздар 1,8%-ға 4,0 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Дара кәсіпкерлерге берілетін кредиттер бір айда 4,3%-ға 1,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 12,7%-ға өсу).

2024 жылғы сәуірде бизнес субъектілеріне 1,5 трлн теңге сомасына жаңа қарыздар берілді, бұл 2023 жылғы сәуірмен салыстырғанда 13,1%-ға артық (2024 жылдың басынан бері 5,4 трлн теңге берілді, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 25,2%-ға артық).

Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы сәуірде 1,2%-ға ұлғайып, 17,8 трлн теңгені құрады (2024 жылдың басынан бері 6,4%-ға өсу). Халыққа берілген кредиттердің өсуі тұтынушылық қарыздардың 1,4%-ға 11,1 трлн теңгеге дейін ұлғаюына, сондай-ақ ипотекалық кредиттеудің 0,6%-ға 5,5 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты.

2024 жылғы сәуірде бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,5%-ды (2024 жылғы наурызда – 19,3%), халыққа қатысты – 19,8%-ды (2024 жылғы наурызда – 19,1%) құрады.

2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша банк секторы бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 3,1%-ын немесе 959 млрд теңгені құрады (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 2,9% немесе 864 млрд теңге).

Бизнес берілген кредиттер бойынша NPL90+ қарыздарының деңгейі 2,3%-ды немесе 286 млрд теңгені, халыққа берілген кредиттер бойынша - 3,8%-ды немесе 672 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 72,7%-ды құрайды (01.01.2024ж. – 75,9%).

Банк секторының міндеттемелері 2024 жылғы сәуірде заңды тұлғалар салымдарының азаюы нәтижесінде 0,8%-ға 45,0 трлн теңгеге дейін азайды (2024 жылдың басынан бері 1,0%-ға немесе 450 млрд теңгеге өсу).

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2024 жылғы сәуірде негізінен шетел валютасындағы депозиттердің 2,9%-ға 7,7 трлн теңгеге дейін азаюы нәтижесінде, оның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты нығаюы аясында қайта бағалау нәтижесінде 0,5%-ға 34,3 трлн теңгеге дейін азайды. Ұлттық валютадағы депозиттер 2024 жылғы сәуірде 0,1%-ға 26,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша долларландыру деңгейі 22,4%-ды құрады (2024 жылдың басында – 23,2%).

Заңды тұлғалардың депозиттері 2024 жылғы сәуірде 2,2%-ға 15,4 трлн теңгеге дейін азайды, ол азаю негізінен банктердің бірінің 2015 жылы «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-тың депозиті түрінде алынған, 182 млрд теңге сомасындағы мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын қайтаруы нәтижесінде орын алды. Жеке тұлғалардың депозиттері 0,9%-ға 18,9 трлн теңгеге дейін өсті.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2024 жылғы сәуірде 13,7%-ды (2024 жылғы наурызда – 13,6%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,7%-ды құрады (2024 жылғы наурызда – 13,8%).

Банктердің меншікті капиталы негізінен банктердің бірінің дивидендтер төлеу туралы қабылдаған шешімінің және өткен жылдардың бөлінбеген таза пайдасының тиісінше төмендеуі нәтижесінде ағымдағы жылғы сәуірде 1,8%-ға 7,4 трлн теңгеге дейін азайды (2024 жылдың басынан бері 7,6%-ға немесе 519 млрд теңгеге өсу). 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,0%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,0%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2024 жылғы қаңтар – сәуірде банктердің таза пайдасы 777 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 4,6%-ды (2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша – 4,3%), капитал рентабельділігі (ROE) 34,4%-ды (2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша – 34,9%) құрады.


Мақалаларды оқыңыз

Активы банковского сектора Казахстана уменьшились на 1 процент




Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.

Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!


Мы в Телеграм

Свежие новости