Отандық спорттағы дағдарыс

Неліктен жыл өткен сайын спортқа құйылатын қаражат құмға сіңген судай зая кетіп жатыр?

Отандық спорттағы дағдарыс

Баршамыз тамыз айында Парижде өткен 33 жазғы Олимпиада ойындарының куәгері болдық. Алтынмен қуантып, күміспен жұбатқан тұстары болмаса, бұл олимпиада отандастырымыздың көңіліне өкініш ұялатты. Тіпті, Париж олимпиадасы «Қай жерден қате кетіп жүр?» деген сауалға нақты жауаптың қажет екендігін көрсетті. 90-шы жылдары Қазақстанды Азиядағы спорттық әлеуеті ең жоғары ел деп білді. Алайда, соңғы 10 жылда әлемдік додаларда көзге көрінер нәтиже болмай келеді.

Спорттағы дағдарыс өткенді саралап, әрекет бағытын өзгертуді талап етіп отыр.

Бүгінге дейін елімізде 180-нен астам спорт түрін мемлекет қаржыландырып келді. Солардың ішінен тек 46 түрін Халықаралық Олимпиада комитеті мақұлдаған. Біздің ел жарысқа 28 спорт түрінен қатысады, алайда жүлде тек 5-7 спорт түрінен ғана әкелінеді. Ал қысқы Олимпиада ойындарынан жүлде алуды мүлдем қойдық.

Спортқа құйылатын қаражат

Жақында ғана орнын босатқан бұрынғы Спорт және туризм министрі Ермек Маржықпаев мәлімдемесі бойынша ағымдағы жылы спортты дамыту мақсатында бюджеттен 300 млрд теңге бөлінген екен.

“Республикалық бюджеттен спортқа шамамен 62 миллиард теңге бөлінеді. Бұл құрылыс нысандарын қоспағанда, атап өтемін, біздің мекемелерімізде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын қоспағандағы қаражат мөлшері. Бұған қоса, «Спорт қоры» атты қорымыздан шамамен 29,5 миллиард теңге қаражат қарастырылған, сонымен қатар, жергілікті бюджеттерден, яғни жергілікті әкімдіктер шамамен 200 миллиард теңге бөлуі тиіс. Жалпы алғанда, спортты дамытуға шамамен 300 миллиард теңге бөлінеді”, — деп көптің көкейінде жүрген сұраққа экс-министр жауап берген еді.

Өткенге көз жүгіртіп салыстырар болсақ, 1998 жылдан бері спортты қаржыландыру 10 есеге артқанын байқауға болады. Дегенмен, көлемді қаражат спорттағы жетістіктеріміздің артуына септігін тигізбей келеді. Мәселен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, мемлекеттік бюджеттің жалпы қоры бар-жоғы 280 млрд теңге болған шақта Қазақстан 1996 жылы Атланта ойындарында 24-орынға табан тіреп, 11 медальға қол жеткізген, оның үшеуі алтын болды. Лондон мен Рио олимпиадалары да еліміз үшін жарқын жеңістерге толы болған. Тек Токио мен Париж олимпиадасындағы сәтсіздіктерді халық әлі ұмыта қойған жоқ. Бұдан бөлек Азиада ойындары да көңіл көншітпейді. 2023 жылы спортшыларымыз командалық есепте 11-орынға (41 ел қатысқан) қол жеткізіп, 1994 жылдан бергі тарихта ең нашар нәтиже көрсетті.

Биылғы олимпиадаға еліміздің атынан 80 спортшы қатысқан. Осылайша 7 медальдың көмегімен Қазақстан жалпы есепте 43 орынға тұрақтады. Көршіміз өзбектің Париж олимпиадасында қанжығасы майланғанына баршамыз куәміз. Олар 8 алтын, 2 күміс және 3 қола медальмен жалпы 13 медаль жинап, 13-орынға орналасты. Егер Қазақстан мен Өзбекстанның спортқа бөлетін қаржысын салыстырып қарасақ, Қазақстанның шығындары алты есе көп екен. Деректерге сәйкес, Париж олимпиадасына Өзбекстан 160 миллион доллар бөлсе, Қазақстан 660 миллион теңге жұмсаған. Бұдан қаражат барлық мәселені шешпейтінін көруге болады.

Саннан сапаға: алдағы уақытта мемлекет қаржыландыратын спорт түрлері азаймақ

Қазақстан үкіметі 2028 жылға қарай қаржыландырылатын спорт түрлерінің санын 180-нен 60-қа дейін қысқартуды көздеп отыр, бұл қадам маңызды нәтижелерге қол жеткізу үшін басым бағыттарға ресурстарды шоғырландыруға бағытталған. Бұл шешім ресурстарды тиімдірек бөлуге және жоғары спорттық жетістіктер әкелуге қабілетті негізгі бағыттарға назар аударуға мүмкіндік береді.

Жаңа мемлекеттік бағдарламаға сәйкес, «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Назарға Олимпиадалық, Паралимпиадалық, Сурдолимпиадалық, Азия ойындары мен Азия Параойындарының бағдарламаларына кіретін 60 спорт түрі алынады. Таңдау медаль саны мен басқа да маңызды критерийлерге негізделетін болады. Қаржыландыратын спорт түрлерін қысқарту процесі кезең-кезеңмен жүзеге асырылмақ: 2025 жылға қарай спорт түрлерінің саны 150-ге дейін қысқарады. 2026 жылы бұл көрсеткіш 120-ға, ал 2027-де – 90-ға жетеді деп жоспарланып отыр. Осылайша, 2028 жылы спорттың тек 60 түрі ғана мемлекет тарапынан қаржыландыратын болады. Демек, мемлекет бюджетіне ортақтасып отырған спорт түрлері кезе-кезеңімен азайып отырмақ. Бұл ретте Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Парламентте сөйлеген сөзінде былай деген:

“Салыстырып қарайықшы: Ұлыбритания олимпиадалық бағдарламаға кіретін тек 15 спорт түріне ғана мемлекеттік қаражат бөледі, Германия – 18 түріне, ал көршілес Өзбекстан – небәрі 17 түріне қаржы бөледі. Ал бізде неге мұндай ысырапшылық? Қазақстанда қаржыландырылатын 180 спорт түрінің ішінде пенчак силат, спорттық балық аулау, биатл, триатл, петанк, текбол, унифайт, черлидинг бар. Осы спорт түрлерінің атауын бұрын естігендер бар ма екен? Айтпақшы, бюджеттен пилондағы спортқа да қаражат бөлінеді. Сіз де министрліктің бұған қалай қаржы бөлетініне таң қалып отырған шығарсыз”.

Саны бар, сапасы жоқ, тіпті кей спорт түрінің мәні де жоқ деп білген Мәжіліс депутаты ел қаражатын тиімді пайдаланып, басымдық беретін бағыттарды айқындап алуды ұсынған еді.

Спорттағы жемқорлық: антирейтингте көш бастап тұрмыз

2024 жылдың басынан бері мемлекет қаражатын ұрлау күдігімен елімізде бес спорт функционері ұсталды. Кейбір спорт саласының басшылары ұзақ мерзімге сотталды. Агенттік мәліметінше, спорттық процестердің цифрланбауы қаражат ұрлауға қолайлы жағдай туғызып отыр. Антикор ұсынған мәлімет бойынша, 2024 жылдың басынан бері агенттік қызметкерлері спорт саласында 39 сыбайлас жемқорлық қылмысын тіркеді. Агенттік соңғы алты жылда спортқа бөлінетін қаражат екі есе өсіп, 1,4 трлн теңгеге жеткенін айтты. Бірақ соған қарамастан, Қазақстанның әлемдік спорттағы рейтингі төмендеуде.

Антикор мәліметі бойынша, Қазақстанда "жоғары спорттық жетістіктерге" бағытталған қаржыландыруға 90% бюджет жұмсалып, "жаппай спортқа" аз ғана үлес бөлінетіні байқалады. Ал дамыған спорттық елдерде керісінше, жаппай спортқа басымдық беріледі.

"Қаржыландырудағы теңгерімсіздік сыбайлас жемқорлық схемаларына негіз болды. Қазіргі таңда жаппай спортта жан басына қаржыландыру бағдарламасы жұмыс істейді және ол цифрланған. Ал жоғары спорттық жетістіктер саласында ашық емес, субъективті төлемдер жасауға, аз бақылауға, қатысушылардың байланыстылығына, жалған жиындар мен қос қаржыландыруға қолайлы жағдайлар жасалған", – деп мәлімдеді агенттік төрағасы Асқар Жұмағали.

Агенттік спорттық процестердің цифрланбауы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары мен қаражат ұрлауға қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті. Бұдан бөлек, екі жыл бұрын жоспарланған «Е-sport» ақпараттық жүйесін енгізу әлі басталмағанын және «спорт шебері» жалған атақтарын беру фактілері анықталғанын мәлімдеді.

"Президенттің бюджетті шектеу және жалақы мөлшерін қысқарту жөніндегі тапсырмасына қарамастан, елдегі футбол кәсіпқой клубтары соңғы үш жылда лимиттен тыс 30 миллиард теңгеден астам қаражат төледі. Бұған қоса, отандық спорт инфрақұрылымын дамыту орнына бюджет қаражаты легионерлерге төлемдерге және спорт нысандарын жалға алуға жұмсалуда", - деп қосты Антикор басшысы.

Сарапшылардың айтуынша, бұл бағытта дамуды жалғастыру үшін ең алдымен инфрақұрылымды дамытуға және мамандарды даярлауға көбірек қаражат бөлу қажет.

Қорытындылай келе, Қазақстанға бюджет қаражатын жұмсауда ашықтықты арттыру қажет екенін атап өткен жөн. Атап айтсақ, спорт нысандарын салуға, оқу процесін ұйымдастыруға, жаттығу сабақтарына және басқа да шығындарға арналған қаражаттар бар. Қазіргі уақытта тек жалпы сомалар ғана көрсетіледі Алайда, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін нақты қандай ұйымдарға қанша қаражат бөлінетіні және ол қаражаттың не үшін жұмсалатыны туралы мәліметтерде нақтылық болуы шарт.

Айтпақшы, жақында 2 қыркүйек күні Мемлекет басшысының жарлығымен Спорт және туризм министрлігінң жаңа басшысы болып Ербол Мырзабосынов тағайындалды. Жаңа басшы нәтижеге қол жеткізер тиімді жүйе қалыптасырар деп үміттенейік.




Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.

Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!


Мы в Телеграм

Свежие новости