Идеологиялық жаңғыру: жастарға мемлекеттік саясатты түсіндірудің заманауи тәсілдері

Жаңа форматтар – жастармен тіл табысу жолы. Ал осы тілде сөйлеу – мемлекеттің басты міндеті.

Идеологиялық жаңғыру: жастарға мемлекеттік саясатты түсіндірудің заманауи тәсілдері

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: "Шын мәнінде дамыған елге айналу үшін біз әлеуметтік-экономикалық саламен қатар, идеологиялық бағыттарымызды да нақтылап, кешенді түрде әрекет етуіміз керек", – деген еді. Бұл ой – қазіргі Қазақстан үшін айқын бағдар мен батыл бетбұрыстың айғағы. Себебі жаһандану дәуірінде тек экономикалық жетістіктермен шектелмей, ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтарды қатар алып жүру – стратегиялық міндет.

XXI ғасырдың жастары – ақпарат ағынында өмір сүріп жатқан буын. Олар дәстүрлі лекциялар мен ресми баяндамалардан гөрі, көрнекі визуализация, қысқа әрі нұсқа мазмұн, интерактив пен эмоцияға құрылған контентті ұнатады. Осыны ескере келе, мемлекет өзінің идеологиялық және саяси бастамаларын жастарға жеткізуде жаңа форматтарға жүгінуде. Бұл – тек форманы емес, мазмұн мен мәнді де жаңғырту деген сөз.

Инфографика – күрделі ақпараттың көркем тілшісі

Сандар мен деректерге толы ресми құжаттар жастарды қызықтырмауы мүмкін. Ал сол мәліметтерді ықшамдап, визуалды тілмен жеткізу – инфографиканың басты артықшылығы. Қазір мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелері, нақты реформалық қадамдар, білім, денсаулық, жастар саясаты бойынша мәліметтер түрлі инфографикалық материалдар арқылы ұсынылуда. Мысалы, "Қазақстан халқына" қорының жұмысы немесе "Ұлттық қор – балаларға" бастамасының кезеңдері инфографика түрінде жарияланып, әлеуметтік желілер арқылы кең таралды. Бұл тәсіл – ақпараттың қабылдануын бірнеше есеге арттыратын тиімді құрал.

Идеологиялық жаңғыру: жастарға мемлекеттік саясатты түсіндірудің заманауи тәсілдері

TikTok – мемлекеттің жас буынға үндеуі

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің мәліметінше, 16 мен 30 жас аралығындағы қазақстандықтардың 70%-дан астамы күнделікті Instagram, YouTube және TikTok платформаларын пайдаланады. Осы себепті мемлекеттік мекемелер субтитрлері бар қысқаметражды бейнероликтерді, жарқын графика мен шынайы кейіпкерлерді қолдануға қызығушылық танытуда. Мұндай видеолар ақпараттық қана емес, сонымен қатар қолданушыларды тартуға бағытталған.

Көпшілік TikTok-ты тек көңіл көтеру платформасы деп қабылдайды. Алайда соңғы жылдары бұл платформада мемлекеттік органдардың ресми парақшалары ашылып, өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеретін видеолар жариялана бастады. Мысалы, жастарға арналған гранттар, мемлекеттік қолдаулар, түрлі қозғалыстар, Zhas Project жобалары туралы қысқа, қызықты форматта түсірілген видеороликтер TikTok арқылы мыңдаған қаралым жинайды. Мұндай контент эмоционалды, шынайы әрі жастар тілімен сөйлеуді мақсат етеді.

Стористер мен Reels – жедел әрі әсерлі формат

Instagram желісіндегі стористер мен reels – жастармен тілдесудің тағы бір пәрменді тетігі. Бұл форматтар күнделікті оқиғаларды бейформал түрде ұсынуға, сонымен бірге, мемлекеттік маңызы бар ақпараттарды жеңіл әрі тез қабылдауға мүмкіндік береді. Мысалы, сайлау учаскелерін табу, ЖОО-ға түсуге арналған гранттар жайлы немесе цифрлық құжаттарды рәсімдеу туралы ақпараттар – қысқа видеолар мен анимацияланған стористерде жиі көрініс табуда.

YouTube және подкасттар – терең талдау мен сұхбат алаңы

Идеологиялық жаңғыру: жастарға мемлекеттік саясатты түсіндірудің заманауи тәсілдері

Мемлекеттік саясаттың мазмұнды талқысы үшін YouTube пен подкаст форматтары ерекше маңызға ие. Себебі бұл алаңдарда сарапшылар мен шешім қабылдаушы тұлғалар еркін әрі ашық форматта сұхбат береді, жастардың сұрақтарына нақты жауаптар ұсынады. Мысалы, Ұлттық құрылтай мүшелерімен, министрлік өкілдерімен өткен онлайн эфирлер мен арнайы шығарылымдар қоғамдық пікірдің қалыптасуына оң әсер етеді.

Мемлекеттік саясаттың цифрлық стратегиясы

Цифрландыру – тек қызмет көрсету емес, идеологиялық мазмұнды да тарату тәсіліне айналды. "Ashyq", "eGov", "Digital Kazakhstan" сияқты бастамалар тек цифрлық инфрақұрылым емес, сонымен бірге халықпен тікелей және тиімді байланыс арнасы. Бұл қосымшалар арқылы азаматтар тек қызмет алып қоймай, сонымен бірге, мемлекет жүргізіп жатқан саясаттың мазмұнымен танысады.

Жаңа форматтар арқылы мемлекеттік саясатты жеткізу – идеологияны жастардың өмір салтымен ұштастыру дегенді білдіреді. Бұл жерде тек хабар берумен қатар, тыңдаушының сеніміне ие болу, оның азаматтық позициясын нығайту, елдік санасын қалыптастыру мақсаты тұрады. Сондықтан әрбір контент, әрбір инфографика, әрбір видео – үлкен идеологиялық жұмыстың нәтижесі.

Блогерлер және жастар медиасымен ынтымақтастық

Тиімді арналардың бірі — пікір көшбасшыларымен және жастар медиасымен жұмыс жасау. Мемлекеттік органдар блогерлерді, журналистерді, дизайнерлер мен аниматорларды арнайы жобаларға жиі тарта бастады. Мұндай контенттің ресми жарнама сияқты көрінбей, шынайы әрі пайдалы ақпарат ретінде қабылдануы маңызды.

 

Идеологиялық жаңғыру: жастарға мемлекеттік саясатты түсіндірудің заманауи тәсілдері

Мысалы, 2023 жылы Massaget.kz және Baribar.kz медиаларымен бірлесіп, электоралды сауаттылықты арттыру және жалған жаңалықтардың алдын алу бойынша жобалар жүзеге асты. Жас авторлар сториителлинг форматында дезинформацияны қалай ажыратуға болатынын, ашық деректерді қолдану жолдарын және қоғамдық өмірге белсенді араласу тәсілдерін түсіндірді.

Мемлекеттік саясатты жастар тілінде түсіндіру мәселесін қозғағанда көңілді күпті ететін түйткілді мәселелер де бой көрсететрі анық. Солардың кейбіріне тоқталайық:

  •  Мемлекеттік құрылымдарда жаңа форматтармен жұмыс істей алатын білікті мамандардың жетіспеуі;
  • Контенттің формальді сипат алып кету қаупі, яғни бейнероликтердің аудитория үшін емес, есеп үшін жасалуы;
  • Жастармен тұрақты кері байланыстың және коммуникация тиімділігіне қатысты жүйелі талдаудың жоқтығы.

Сәтті ынтымақтастық үшін техникалық трансформация жеткіліксіз. Мемлекет пен азамат арасындағы диалог философиясын қайта қарастыру қажет. Жастар ашықтықты, шынайылықты және үдеріске белсенді араласуды күтеді.

Қоғам дамуының негізгі көрсеткіші – азаматтың мемлекетке деген сенімі. Ол сенім ашықтықтан, диалогтан, заманауи әрі шынайы форматтардан бастау алады. Мемлекет бастамалары мен саясатына жастардың қызығушылығы артқан сайын, елдің болашағы да сенімді болмақ. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаевтың «идеологиялық бағыттарды кешенді түрде дамыту» жайлы пікірі – уақыт талабы мен ұлт тағдырына жауап беретін стратегиялық ұстаным.




Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.

Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!


Мы в Телеграм

Свежие новости