Су тапшылығына дайынбыз ба?
Шілденің аптап ыстығында оңтүстік аймақ тұрғындары суару мен ауыз судың тапшылығына тап болуы мүмкін.
Sputnik-Қырғызстаннан алынған бейненің скриншоты. Тоқтағұл су қоймасы мамыр айында.
Көрші елдерде қалыптасқан жағдай оңтүстік Қазақстанның аграрлық аймағына зардабын тигізеді деген болжам бар. Қауіп тек егінді алқапқа ғана төніп тұрған жоқ. Су ресурстарын өзара бөліп алудағы көзқарастардың әр түрлі болуына байланысты шаруашылық деңгейіндегі шекаралық қақтығыстарды жоққа шығаруға болмайды. СА Cronos редакциясы ықтимал тәуекелдерді анықтап көрді.
Мамыр айының басында Қырғызстан мен Тәжікстан арасында болған қарулы қақтығысты және осы шайқас барысында танктер мен артиллерия түріндегі ауыр қару-жарақ қолданылғанын аймақтағы көптеген мамандар «Орталық Азиядағы бірінші су соғысы» деп атады. 980 шақырымдық қырғыз-тәжік шекарасының салыстырмалы түрде аз бөлігін қамтыған бұл «соғыс» жергілікті сипатқа ие болғанына қарамастан, «алғашқы су соғысы» атауына әбден лайықты. Шайқас екі елдің егін алқабын сумен қамтамасыз ететін Исфара өзенінің бойындағы Төрткөл су қоймасынан басталды.
Араздыққа не себеп?
Айта кету керек, Төрткөл су қоймасындағы суға қатысты қақтығыстар 1990 жылдан кейін ғана, Кеңес Одағы ыдыраған тұста пайда бола бастады. Бұған дейін 1971 жылы салынған жасанды су қоймасы Сырдария бассейнінің бірыңғай су шаруашылығы кешенінің бөлігі болып саналды және ешқандай шағым тудырған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан кейін Төрткөл су қоймасын иемдену мәселесі шиеленісе түсті. Бірнеше жылдан бері Тәжікстан Қырғызстанды Төрткөлдің бір бөлігін заңсыз бақылауда ұстап отыр деп айыптап келеді, сондай-ақ көршілері суармалы суды таратуда әділетсіздік танытады деп есептейді. Әрине, қырғыздар да тәжіктер Одақ ыдырағаннан кейін өздеріне анағұрлым құнарлы жерлерді бөліп алды деп есептеп, өзара дұшпандықпен жауап береді. Екі ел арасындағы күрделі қарым-қатынастың одан бетер шиеленісе түсуіне тағы бір себеп пайда болды - 2020 жылы жасанды су қоймасының суы азайып, бірнеше жыл ішінде алғаш рет бірқатар салалары мүлдем тартылып қалды.
Google Earth-тен Тынчибек Асилбековтің суреті. Төрткүл су қоймасындағы су деңгейі айтарлықтай төмендеді
Бүгінде Сырдария өзені бассейнінің су қоры айналасында аймақаралық жанжал туындауы мүмкін. Орнау ықтималдығы жоғары бұл жанжалға Орталық Азияның бес елінің төртеуі қатысады деген болжам бар. Мысал келтіре кетсек, қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қызылорда облысының диқандары биыл күріш дақылдарын бірден 5 мың гектарға қысқартуға мәжбүр болды. Дәстүрлі күріш өсіретін Жаңақорған өңірінде күріш алқаптарының жалпы алаңы 23 пайызға азайды. Түркістан облысында да дәл осындай жолды таңдады, мұнда шаруа қожалықтарының иелері тәуекелге бармай, мақта егуден бас тартты, бұл ылғал сыйымды дақылдың алқабын 18 мың гектарға қысқартады. Сондай-ақ көрші Орта Азия елдерінде де мақта және күріш дақылдарының өнімділігі азайғандығы жайлы ақпарат бар. Экономикалық тұрғыдан тиімді бұл дақылдарды өсіруден бас тартудың себебі, облыстың негізгі су артериясы - Сырдария деңгейінің айтарлықтай төмендеуінде.
Үлкен дағдарыстың алдында тұрмыз ба?
Әрине, Нұр-Сұлтанның үкіметтік кеңселері Сырдария өзені бассейнінің айналасындағы қазіргі жағдайдан хабардар. Мәселен, 22 мамырда ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов биылғы жылы Қазақстанмен қатар, көршілес Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан да су тапшылығына тап болды деп мәлімдеді. Вице-министр бұл жағдайдан шығудың жолын да айтты. Оның айтуынша, үкіметаралық келісімдер мен бағдарламалар аясында судың өтемі ретінде 370 миллион киловатт-сағат электр энергиясы Сырдарияның кілті болып табылатын Тоқтағұл су қоймасы орналасқан Қырғызстанға, ал 250 миллион киловатт-сағат электр қуаты Өзбекстанға берілді.
«Қырғызстан бізге тамыз айында электр қуатын қайтарады және жазда Сырдарияның төменгі ағысына 370 миллион текше метр су жібереді. Аграрлық шаршуашылыққа қажет шағында», - деп Серік Қожаниязов Нұр-Сұлтанда өткен брифинг барысында атап өтті. Сонымен қатар, арнайы төртжақты комиссия суды таратушы ұйыммен өзара әрекеттесіп, барлық жағдайды бақылауда ұстайтынын алға тартты.
Дегенмен, бұл жолы үкіметаралық келісімдер де көмектеспеуі мүмкін. Мамандарды алаңдатып отырған негізгі мәселе - Тоқтағұл су қоймасының жай-күйі, бұл өз кезегінде Сырдария бассейнінің 36%-ын құрайды.14 маусымдағы мәлімет бойынша, аймақтың маңызды су қоймасындағы су көлемі 10,805 миллиард текше метрді құрады. Бірақ ресми емес, ел арасында тараған мәлімет бойынша, Тоқтағұлдағы су мөлшері бүгінде 8,5 миллиард текше метрден аспайтын көрінеді.
Бұл екі нашар көрсеткіштің қайсысы шындыққа жақын екенін білу мүмкін емес болып отыр. Бір кездері cronos.asia ұжымымен тығыз қарым-қатынаста бірлесе жұмыс атқарған Қырғызстанның су-энергетикалық ресурстары бойынша сарапшылары, міне, бір айға жуық уақыт редакцияның қоңырауына жауап бермеді. Расталмаған мәліметтерге сүйенсек, елдің су-энергетикалық ресурстарының айналасындағы күрделі жағдайға байланысты олардың кейбіреулері құқық қорғау органдарында ұсталып, екіншілері қара басының қамы үшін шекара асып, Қырғызстаннан көшіп кеткен.
Дегенмен, сарапшылар растамай-ақ, Тоқтағұл су қоймасындағы жағдайдың өте қиын екені айдан анық. Атап айтқанда, мамыр айында Қырғызстанның бірқатар телеграм каналдары мен бұқаралық ақпарат құралдары Тоқтағұлдың таязданғанын көрсететін таңқаларлық видео кадрларды көрсетті. Бірқатар жерлерде 1970 жылы су басқан елді мекендердің қаңқалары ғана көрініп қоймай, жергілікті халықтың су ағыны келгенге дейін пайдаланған құдықтары ашылды. Елді мекендердің орналасуы мамыр айының басында Тоқтағұл су қоймасының деңгейі ресми түрде көрсетілгендей 8,6 миллиард текше метр емес, бар-жоғы 6 миллиард текше метрдің аумағында екенін көрсетіп берді.
Тоқтағұлда туындаған күрделі мәселе жайлы Қырғызстан ұлттық энергетикалық холдингінің басшысы Бақыт Сыдықов та айтты. 7 маусым күні Бішкекте өткен «Қырғызстан энергетикасы. Кеше. Бүгін. Ертең» атты дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде ол Қырғыз Республикасы энергетикалық дағдарыстың алдында тұрғанын атап өтті.
«Энергетика саласындағы жағдай қазіргі кезде өте күрделі және ол Тоқтағұл су қоймасындағы судың аз мөлшерімен, электр энергиясын тұтынудың жоғары өсу қарқынымен, жоғары вольтты тораптық подстанциялардың шамадан тыс жүктелуімен және электр тарату жабдықтарының үлкен үлесіне байланысты техникалық жағдайы сын көтермейді. Егер жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты шаралар қабылданбаса, бүкіл энергетикалық жүйенің күйреуі мүмкін, Тоқтағұл су электр станциясының каскады тоқтап қалса, республикада әлеуметтік-экономикалық дағдарыс басталады», - деді Бақыт Сыдықов. Сонымен қатар, ол Қырғыз Республикасының бас су электр станциясының гидроэлектростанциялары су индикаторларының төмен көрсеткішіне байланысты тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұрғанын қадап айтты.
"Sputnik-Қырғызстаннан" алынған бейнеден скриншот. Мамыр айында түбі Тоқтағұлда ашылды
Судың да сұрауы бар…
Осы факторлардың барлығын ескере отырып, тамыз айында Қазақстан өзі берген 370 миллион кВт/сағ электр энергиясының қайтарымы боларына сену қиын. Өзара келісім жайлы Қазақстанның экология вице-министрі Серік Қожаниязов атап өткен еді. Қырғызстан Республикасының бас энергетигі жергілікті БАҚ журналистеріне берген сұхбатында Қазақстан билігіне деген шағымын жария етті. Оның айтуы бойынша, қазақстандық тарап 5 ай бойы Тоқтағұл ГЭС-і үшін сатып алынған 4 энергоблоктың жабдықтарын өз жағында ұстап отыр. Айтпақшы, бұл бір жақсы сылтау болды. Өйткені, егер Қырғызстан электр қуатын қайтару бойынша ғана емес, одан да бетер, суармалы судың қажетті көлемін тарату жөніндегі міндеттерін орындай алмай жатқан жағдайда, бар кінәні «Нұр-Сұлтаннның жауыз билігіне» жаба салуы бек мүмкін.
Бұл арада Бішкек өте күрделі проблемаға тап болып отыр. Бір жағынан, Қазақстан мен Өзбекстанға сумен жабдықтау бойынша міндеттемелер бар, наурыз айының соңында мерзімінен бұрын жеткізілген миллиондаған кВт/сағ электр қуатын пайдалану арқылы елді электр қуатымен қамтамасыз еткен қызғыз үкіметі жаз айында соның өтеуін беруі тиіс. Екінші жағынан, алдағы жылыту маусымы басталғанға дейін Тоқтағұлда және Нарын-Сырдария каскадының басқа су қоймаларында қажетті су көлемін жинап үлгеруі керек.
Осылайша, қырғыз халқы алда тұрған міндеттерді орындай алса да, оны үлкен қиындықпен жүзеге асырмақ. Жоқ, басқаша айтайық, егер Бішкек көршілерінің егістеріне су жіберіп, қазан айына дейін Тоқтағұлда қажетті көлемді жинай алса, әрине, керемет болады. Бірақ бұндай құдірет қырғыз халқының басына келіп орнауы екіталай, бүгінде Орталық Азиядағы ең үлкен жасанды су қоймасындағы судың молаюы мен шығынының арасындағы орташа айырмашылық + 0,0524 миллиард м3 құрайды. Болжам бойынша, бұл келесі жылыту маусымының басына дейін 16,5 миллиард текше метрден астам су жинауға мүмкіндік береді. Бұл, әрине, 2022 жылға қажетті резервті қамтамасыз ететін 17-18 миллиард текше метр емес, дегенмен, электр энергиясының белсенді өндірісі 15,2 миллиард текше метр судан басталған былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы көрсеткіш. Алайда, мұнда екі маңызды факторды ескеру қажет.
Біріншісі - қазіргі уақытта «Электр станциялары» ААҚ ресми мониторингінде көрсетілгендей, Тоқтағұл су қоймасының көлемі 10,8 млрд. м3 құрайды. Алайда, барлық жоспардың тас-талқанын шығаратын ресми емес мәліметтің де бар екенін ұмытпайық.
Екінші фактор - ағын деңгейі салыстырмалы түрде жақсы нәтиже берген 2019 жылдың көрсеткіштерімен сәйкес келеді, сол кезеңде Тоқтағұлда шамамен 5 миллиард текше метр су жиналған. Бұл Алматы маңындағы Қапшағай су қоймасының көлеміне сәйкес келеді.
Қырғыз диқандарының өкпесі қара қазандай
Көрші елдердің баспасөзінде бүкіл Орталық Азия су тапшылығымен бетпе-бет келгені жайлы жиі айтылады. Мысалы, соңғы күндері Зеравшан өзеніндегі су деңгейінің 10 пайызға төмендегені анықталған, сондықтан Самарқанд пен Навоиде, сонымен қатар оған іргелес елді мекендерде тұрғындар үшін ауыз судың қатаң нормасы енгізілді. Қырғызстанның Шу және Ыстықкөл облыстарының фермерлері суармалы судың мүлдем жоқтығы туралы айтады, олар бұған дейін Бішкектің орталығында екі рет үлкен митинг өткізіп, астық және жидек дақылдарын жоғалттық деп мәлімдеді.
Айтпақшы, дәл осы қырғыз фермерлері судың жетіспеуіне Қазақстанды кінәлап отыр. Айтуынша, солтүстіктегі көршілері қырғыз шенеуніктеріне пара беріп, сатып алған. Себебі Шу өзенінде су бар және ол жергілікті ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің егістеріне емес, Қазақстан Республикасына қарай бағытталады.
Сурет Live.kg сайтынан алынды. Шу мен Ыстықкөл облыстарының фермерлері судың жетіспеушілігі туралы айтады
CA Cronos суреті. Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Шу өзені
Бұл жерде Шу және Ыстықкөл облыстарының диқандары қырғыз билігінен тікелей жауап ала алмағанын атап өту керек. Бір жағынан, күтпеген жерден «Электр станциялары» ААҚ 14 маусымда дүйсенбіде әлеуметтік желілерде баспасөз хабарламасын жариялады. Бұдан шығатын қорытынды, вегетация кезеңінде су біршама көбірек ... Тоқтағұл су қоймасынан 1 маусымнан бастап Қазақстанға және Өзбекстанға бұрын алынған энергияның өтемі қайтарылуда.
«Электр энергиясын айырбастау кезінде Тоқтағұл су қоймасындағы су ресурстарының көлемі баламалы түрде сақталатынын ескеру керек, өйткені вегетациялық кезеңде Қырғызстаннан Қазақстан мен Өзбекстанға электр энергиясын жеткізу барысында Тоқтағұл су қоймасынан қосымша тұтынылған су Қазақстан мен Өзбекстаннан күзгі-қысқы кезеңде Қырғызстанға электр энергиясын жеткізу кезінде суды тұтынудың төмендеуімен өтеледі», - деп атап өтті «Электр станциялары» ААҚ.
Географиялық жағдайды айтпай-ақ қояйық. Дегенмен, ескеруді қажет ететін жайт, Шу және Ыстықкөл облыстарының фермерлері осы пресс-релизді өз жағына қабылдап, «қазақтар қырғыз шенеуніктерін сатып алды» деген пікірмен қалды. Алайда, суармалы су неғұрлым аз болса, соғұрлым өзара сын-ескертпелер көп болады. Бұл, әсіресе, шаруашылықтары ылғал сүйгіш дақылдармен байланысқан және Сырдария өзенінің маңында орналасқан фермерлер мен диқандар арасында байқалатын болады.
Кезектің соңындамыз
Түркістан мен Қызылорда облыстары Сырдария өзенінің ең төменгі сағасында орналасқаны белгілі. Жергілікті халық қазірдің өзінде Орталық Азиядағы екінші үлкен су жолының күрт тайызданып бара жатқанын бақылауда. Осы орайда, еліміздің оңтүстік аймағы түйткілді мәселенің шешімін қарастыруға дайын ба? Әй, қайдам?! Мысалы, халықпен түсіндіру жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан, Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданында күріш өсірілетін алқап күтпеген жерден 2,4 есеге ұлғайды. Бұл Өзбекстаннан келетін «Достық" арнасына тәуелді екенін біле тұра жасалған.
Нәтижесінде, Шардара су қоймасынан 14 дренажды ұңғыма және 3 сорғы бар 100 млн м3 сумен жабдықтау арнасын шұғыл түрде іске қосу қажет болды, бұл тұста Арнасай ойпатындағы су көлемінің азаюына байланысты Өзбекстанмен жанжал туындауы бек мүмкін еді.
Сырдария өзенінің бассейніндегі суды тұтыну жөніндегі мемлекетаралық келісімдердің сақталуын Қазақстан тарапынан тек екі адам ғана бақылайды деген ақпарат бар. Егер расымен де солай болса, онда бұл өте аз! Шынында да, Сырдарияның оң жақ саласы болып саналатын Нарын өзенінің бойында Тоқтағұлдан басқа үлкен төрт су қоймасы бар.
Су жинаудан кем түспейтін Сырдарияның сол жақ саласы - Қарадария, оның өзіне тиесілі «Әндіжан теңізі» және су көлемі 90-нан 200 миллион м3 дейінгі 17 шағын су қоймасы бар. Сондай-ақ, Шардарадан басқа, тікелей Сырдария бойында суды «Тәжік теңізі» немесе Қайраққұм су қоймасы жинайды. Осы орайда, ғарышты зондтаудың жүйелілігі туралы айту әлі ерте.
Cronos.asia редакторларымен сұхбаттасқан қазақстандық сарапшылар жасырын болуды талап ете отырып, өз жұмыстарында әлі күнге дейін жерсеріктердің 2018 жылғы деректерін қолданатындығын, оларды Google Earth және Yandex карталарынан мезгіл-мезгіл ақпаратпен тексеріп отыратынын хабарлады. Сырдария өзенінің айналасындағы жағдай күн сайын дерлік өзгеріп отыратындығына қарамастан, осылай ескі дерекке сүйене отырып шешім шығарамыз. Қазіргі жағдайда Қазақстан үкіметі қоршаған ортаны қорғау министрлігінің құрылымдарын елдегі негізгі құрылымдардың біріне айналдыратыны анық. Себебі, дер кезінде жинақталған нақты ақпарат бүкіл еліміздің апаттық жағдайға дайындығы мен әлеуметтік-экономикалық салдарымен күресуге қабілеттілігін көрсетеді.
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.
Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!