1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы – Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы айрықша орын алатын кезең. Бұл оқиға ел жадында еркіндікке ұмтылған рухтың, ұлттық намыс пен азаматтық батылдықтың символы болып қалды.
Осы тарихи кезеңнің маңызын жас ұрпаққа жеткізу мақсатында Алматы қаласындағы Авиация колледжінде "Тәуелсіздік тұтқасы – бізге аманат" атты тарихи-танымдық кеш ұйымдастырылды.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының "1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ербол Сыпатаевты еске алуға арналған жоба" аясында "Қайсар Жүрек" қоғамдық қоры өткізген кездесуге Желтоқсан ардагерлері мен колледж студенттері қатысты.
Кеш барысында студенттер өлеңдер оқып, ән орындап, сахналық көріністер арқылы Желтоқсан оқиғасының тарихи маңызын көркем жеткізді. Ал сол бір тарихи кезеңнің куәгерлері – Желтоқсан ардагерлері Қадырбаева Бағдагүл, Көпесбаева Айбаршын және Ауелова Баян өз естеліктерімен бөлісті.
Ардагерлердің әңгімелері жастар үшін тарихты оқулықтан ғана емес, сол оқиғаны бастан өткерген адамдардың өз аузынан тануға мүмкіндік беретін тағылымды кездесу болды.
Кездесу соңында "Қайсар Жүрек" қоғамдық қорының директоры Желтоқсан ардагерлеріне Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.
Тәуелсіздік – тарихтан жеткен аманат. Ал оны қадірлеп, келер ұрпақтың санасына сіңіру – бүгінгі буынның жауапкершілігі.
