CRONOS Central Asia

Ербол Сыпатаевтың есіміне құрмет – ұрпақтардың ортақ ісі

Алматы•25.11.2026, 13:09

Желтоқсан ардагерлері мен студент жастар "Таза Қазақстан" акциясына үлес қосты.

"Таза Қазақстан" акциясы
Фото Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы

Алматыда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ербол Сыпатаевтың есімін ұлықтауға және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған игі бастамалар жалғасуда. "Қайсар Жүрек" қоғамдық қоры ұйымдастырған патриоттық іс-шаралар аясында Желтоқсан ардагерлері, колледж студенттері мен мектеп оқушылары ортақ іске жұмылды.

Жоба Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы Ербол Сыпатаевты еске алуға арналған. Оның аясында қаладағы Ербол Сыпатаев атындағы көшеде екі рет сенбілік өткізілді. Тазалық жұмыстары 2026 жылғы 6 мамырда және 2 қазанда ұйымдастырылып, көшеде орналасқан екі спорт алаңы мен бір балалар ойын алаңын қамтыды.

"Таза Қазақстан" акциясы
«Таза Қазақстан» акциясы Фото Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы

Сенбілікке Алматы автомеханикалық, Құрылыс-техникалық, Технология және флористика, Принтмедиа технологиялары, сондай-ақ Автомобиль жол колледждерінің студенттері қатысты. Оларға "Желтоқсан ақиқаты", "Әз Желтоқсан", "Алаш Желтоқсан", "Тәуелсіздік – Желтоқсан" және "Қайсар Жүрек" ұйымдарының өкілдері мен Желтоқсан оқиғасының ардагерлері қолдау көрсетті.

Қатысушылар аумақты қоқыстан тазалап қана қоймай, спорт және ойын алаңдарының айналасын ретке келтіруге атсалысты. Осылайша, тарихи жадыны сақтау мен туған қалаға жанашырлық таныту бір арнаға тоғысты. Сенбілік "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясымен ұштастырылып, жастарға қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын іс жүзінде көрсетуге мүмкіндік берді.

"Таза Қазақстан" акциясы
«Таза Қазақстан» акциясы Фото Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы

Мұндай бастамалардың мәні – өткен тарихты еске алумен шектелмей, оның тағылымын бүгінгі ұрпақтың күнделікті ісімен сабақтастыру. Желтоқсан ардагерлері мен студенттердің бірлескен еңбегі жас буынға ел тарихына құрметпен қарауды, қоғамдық іске белсенді араласуды және ортақ кеңістікке жауапкершілікпен қарауды үлгі етеді.

Ербол Сыпатаевтың есімін ұлықтауға арналған жоба аясындағы жұмыстар тарихи мұраны дәріптеу мен азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған. Ал сенбілікке қатысқан жастардың еңбегі – патриотизмнің нақты әрекеттен басталатынын көрсететін өнегелі үлгі.

Перепечатка и (или) переопубликация материалов сайта без письменного разрешения редакции запрещены. При разрешенном использовании обязательна гиперссылка на соответствующую статью на сайте cronos.asia.

Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!

Рубрики: