Кая Калластың сапары көпқырлы сипатқа ие – сарапшылар пікірі
Соңғы жылдары Қазақстан мен Еуропа Одағы арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтеріліп келеді.

Фото: Акорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калластың кездесуі екіжақты қарым-қатынастың одан әрі тереңдейтінін көрсетті. Тараптар Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық, энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру және Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту мәселелерін талқылады. Сарапшылар бұл кездесудің бірнеше стратегиялық маңызын атап өтті.
Рүстем Нұрболатұлы Мұстафин, Философия, саясаттану және дінтану нститутының жетекші ғылыми қызметкері:
Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Калластың 2025 жылғы 28 наурызда Қазақстанға жасаған сапары – жай ғана дипломатиялық рәсім емес, Еуразиядағы халықаралық қатынастар жүйесінің құрылымдық қайта түзілуінің айқын белгісі ретінде қарастырылуға тиіс.
Бұл сапар Украинадағы қақтығыстың жалғасуы, Қытайдың өршіп келе жатқан геосаяси амбициялары және Ресейдің дәстүрлі ықпалының әлсіреуі аясында, Еуроодақтың Орталық Азияға қатысуын күшейтуге бағытталған стратегиялық қайта бағдарын көрсетеді.
Калластың сапары көпқырлы сипатқа ие.
Біріншіден, бұл сапар Ашхабадта өткен Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан сыртқы істер министрлерінің және Қазақстан мен Қырғызстан сыртқы істер министрліктері өкілдерінің қатысуымен отырыстың жалғасы және оны институттық тұрғыда жетілдіру ісінің бір бөлігі саналады. Сондай-ақ, ол 2025 жылғы 3–4 сәуірге Самарқандта жоспарланған «ЕО – Орталық Азия» саммитінің алдындағы маңызды этап десек қателеспейміз. Бұл жағдай аймақтағы тұрақты көпжақты ынтымақтастықтың архитектурасын қалыптастыру бағытындағы күш-жігердің көрінісі саналады.
Екіншіден, Калластың сапары Қазақстанға – Орталық Азиядағы саяси және экономикалық тұрғыдан ең ықпалды мемлекетке ұйымдастырылды. Қазақстан мол табиғи ресурстарға ие және транзиттік жағынан стратегиялық маңызы зор ел саналады.
Негізгі мақсат – энергетика, шикізат ресурстары, инфрақұрылым және цифрландыру сияқты шешуші салаларда Еуропалық Одақты стратегиялық әріптес ретінде бекіту.
Еуроодақтың Қазақстандағы және жалпы өңірдегі нақты мүдделерін бірнеше негізгі санатқа бөліп көрсетуге болады:
Біріншіден – энергетикалық қауіпсіздік. ЕО-ға Қазақстан мұнайының шамамен 77%-ы экспортталады, ал Қазақстан – Еуроодаққа шикі мұнай жеткізетін ОПЕК-ке кірмейтін үшінші ірі ел. 2024 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстанның ЕО-ға мұнай экспорты 7,8 млрд АҚШ долларын (жалпы экспорт көлемінің 71,6%-ы), ал уран экспорты 132,8 млн долларды (11,9%) құрады.
Екіншіден – аса маңызды шикізат материалдары. «Жасыл» және цифрлық трансформацияны мақсат етіп отырған ЕО-ға сирек кездесетін жер элементтері мен стратегиялық маңызы бар материалдар қажет. Қазақстан ЕО-ның аса маңызды шикізаттар туралы актісінде белгіленген 34 элементтің 33-іне ие. 2023 жылы қол қойылған меморандум осы ресурстарды жеткізу тізбегін қалыптастыруға бағытталған.
Үшіншіден – геоэкономикалық өзара байланыстылық. ЕО Ресей мен Қытай маршруттарына балама ретінде Орта дәлізді (Транскаспий халықаралық көлік бағытын – TITR) дамытуды қолдайды. Бұл бағыт бойынша тасымал көлемі 2022 жылы екі есеге артып, 1,5 миллион тоннаға жетті.
Төртіншіден – қарсыластарды тежеу. Экономикалық күн тәртібінің сыртқы қабатында тереңірек стратегиялық мақсат жатыр – Ресейге тәуелділікті азайту және Қытаймен бәсекелестік. 2024 жылы Қытай алғаш рет Қазақстанның ең ірі сауда әріптесіне айналып, 43,8 млрд АҚШ долларымен Еуроодақты басып озды.
Бесіншіден – қауіпсіздік пен тұрақтылық. BOMCA және CADAP бағдарламалары арқылы ЕО шекара қауіпсіздігін нығайтуға, терроризмге қарсы күреске, Ресейге санкцияға ұшыраған тауарлардың қайта экспортын болдырмауға және Ауғанстаннан келетін ықтимал қауіптерді шектеуге жәрдемдесуде.
Сонымен қатар, ресми риториканың астарында одан да терең геосаяси импульстер жатқаны байқалады. Украинадағы соғысты ескерсек, ЕО энергетика мен логистика салаларында ғана емес, сонымен қатар Ресей ықпалындағы аймақты геосаяси тұрғыдан «салқындатуға» да ұмтылуда.
Стратегиялық бейтараптық ұстанатын Қазақстан мүдделер қақтығысының күрделі аренасына айналып келеді.
Визалық жеңілдіктер мен инвестициялар ұсына отырып, ЕО дәстүрлі геосаяси ықпал тетіктері (әскери одақтар, тікелей интервенциялар) қолдануға келмейтін жағдайда өз «жұмсақ күшін» нығайтып, сенім шеңберін қалыптастыруға тырысып бағуда.
Сондай-ақ, Каллас ханымның сапары Еуропа мен Қытай арасындағы бәсекелестікті күшейтеді. ЕО «сапалы инфрақұрылым», «жасыл технологиялар» және «нормативтік стандарттар» ұсына отырып, көбінесе «қарыздық дипломатиясы» үшін сынға ұшырайтын Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасына балама ретінде әрекет етеді.
Каллас ханымның бұл сапарынан келесі нәтижелерді күтуге болады: инвестициялық және сауда саласындағы негіздемелік келісімдер; визалық режимді жеңілдету жолындағы ілгерілеу; Қазақстанның ЕО-ның «Global Gateway» (Ғаламдық шлюз) бастамасына қатысуын тереңдету; TITR жобаларындағы өзара ынтымақтастықты кеңейту; Украинадағы қақтығыс және санкциялық саясат мәселелері бойынша саяси ұстанымдарды үйлестіру.
Жалпы алғанда, соңғы жылдардағы экономикалық деректер Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың жүйелі түрде тереңдеп келе жатқанын айқын көрсетеді. 2024 жылы екіжақты тауар айналымы 48,8 миллиард АҚШ долларына жетіп, 17,7 пайыздық өсім көрсетті. Оның ішінде экспорт көлемі 38,1 миллиард долларды құрап, Қазақстанның ЕО нарығына деген тәуелсіз жеткізуші ретіндегі рөлін тағы да растады.
Мұндай серпін кездейсоқ құбылыс емес. 2005 жылдан бастап Еуроодақ Қазақстан экономикасына 200 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция құйып, бұл елдегі барлық шетелдік инвестициялардың шамамен жартысын қамтамасыз етті. Бүгінде Қазақстанда 3000-нан астам еуропалық компания тұрақты түрде жұмыс істейді, бұл екіжақты іскерлік қатынастардың құрылымдық және ұзақмерзімді сипатқа ие екенін аңғартады.
Сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастықтың мазмұны да бірқалыпты емес – ол сапалық тұрғыда тереңдеп келеді. Қазақстан ЕО-дан негізінен жоғары технологиялық өнімдерді импорттайды: оның ішінде 32 пайызы машина жасау жабдықтары болса, 25 пайызы химиялық өнімдерге тиесілі. Бұл екі экономиканың бірін-бірі толықтыратын сипатын көрсетеді: Еуроодақ табиғи ресурстарға зәру болса, Қазақстан жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдерге мұқтаж.
Осы ынтымақтастықтың нәтижесінде Қазақстан өз тарапынан бірқатар маңызды артықшылықтарға қол жеткізуде. Ең алдымен, экспорттық әлеуеттің кеңеюі мен тікелей инвестициялардың артуы – елдің экономикалық тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сеп болады. Сонымен қатар, ЕО тарапынан «жасыл» энергетика және цифрландыру салаларында көрсетілетін техникалық және сараптамалық қолдау Қазақстанның орнықты даму күн тәртібін ілгерілетуге мүмкіндік береді.
Еуропалық Одақтың Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға белсенді қатысуы – Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік торапқа айналдыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл еліміздің логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, оның геоэкономикалық маңызын да айшықтайды.
Бұдан бөлек, көпвекторлы сыртқы саясатты нығайту арқылы Қазақстан Ресей мен Қытайға тәуелділігінен біртіндеп арылуға күш салып, халықаралық аренадағы өз орнын күшейтіп келеді. Бұл өз кезегінде еліміздің жаһандық шешімдер қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді.
Ақырында, ЕО тарапынан адам құқықтарын қорғау, басқару сапасын жақсарту және ашықтықты арттыру бағыттарындағы реформаларға көрсетілетін қолдау – Қазақстанның институттық тұрғыда жаңғыруына елеулі серпін береді. Еуроодақ бұл салалардағы нақты ілгерілеу үшін өз нарықтарына қол жеткізу тетіктерін ұсынып, ынтымақтастықты жауапкершілік пен өзара сенім негізінде дамытуды көздейді.
Мұрат Шамилов, саясаттанушы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің аға оқытушысы:
Кая Каллас ханымның Қазақстанға сапары еліміз бен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынастардың нығаюына елеулі үлес қосты. Бұл сапар аясында екіжақты ынтымақтастықтың түрлі салалары талқыланып, бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның республиканың ең маңызды сыртқы экономикалық және инвестициялық серіктесі болып табылатын, Еуропалық Одақпен өзара іс-қимылға ерекше мән беретінін атап өткен болатын. Президент:
"Қазақстан Еуропа Одағының Орталық Азиядағы негізгі серіктесі болып қала береді. Cеріктестікті кеңейту және ынтымақтастық туралы келісім біздің көпжоспарлы өзара ықпалдастығымызды тереңдетудің берік негізін қалайды", – деп мәлімдеді.
Кая Каллас ханымның сапары екіжақты қатынастардың жаңа кезеңін бастады. Сапар барысында сауда, энергетика, өнеркәсіп және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Транскаспий көлік дәлізін дамыту және визалық режимді жеңілдету мәселелері қарастырылды. Бұл сапар Қазақстан мен ЕО арасындағы саяси диалогты тереңдетуге және практикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Қазақстан мен ЕО арасындағы серіктестік Орталық Азиядағы геосаяси тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Еуропа Одағының Қазақстанмен ынтымақтастығы аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге, экономикалық даму мен қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Бұл серіктестік аймақтық интеграцияны қолдауға және халықаралық аренада Орталық Азияның рөлін күшейтуге мүмкіндік береді деп сенемін.
Қазақстанның Орталық Азиядағы өңірлік көшбасшылығы оның саяси тұрақтылығы, экономикалық дамуы және көпвекторлы сыртқы саясаты арқылы айқындалады. ЕО-мен қарым-қатынас бұл көшбасшылықты нығайтуға және аймақтық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаруға септігін тигізеді. Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық өңірлік және жаһандық деңгейде оң әсерін тигізеді. Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясаты оның Орталық Азиядағы ықпалын арттырады. Бұл саясат еліміздің түрлі халықаралық ұйымдармен және мемлекеттермен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Қазақстан аймақтағы интеграциялық процестерге белсенді қатысып, өңірлік мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Бүгінде Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші рөлі Еуропада да мойындалуда. Еуропа елдерінің ғылыми-зерттеу институттары Қазақстанның орта держава ретіндегі мәртебесін атап өтуде.
Қазақстанның ЕО-мен әріптестік моделі өңірдегі басқа елдер үшін тиімді үлгі бола алады. Бұл модель саяси тұрақтылықты, экономикалық дамуды және халықаралық ынтымақтастықты үйлестіре отырып, орнықты даму жолын көрсетеді. Орталық Азия елдері Қазақстанның тәжірибесінен үйреніп, өз даму стратегияларында осыған ұқсас тәсілдерді қолдана алады.
ЕО-ның Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасын жеңілдетуге дайындығы екіжақты қарым-қатынастардың жаңа кезеңін білдіреді. Бұл қадам адамдар арасындағы байланысты нығайтып, туризм мен білім алмасудың артуына ықпал етеді. Сонымен қатар, визалық режимді жеңілдету экономикалық және мәдени ынтымақтастықты дамытуға оң әсерін тигізеді.
Қазақстан мен ЕО арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың болашағы зор. Екі тарап халықаралық қауіпсіздік, терроризммен күрес және аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелерінде ортақ мүддеге ие. Бұл ынтымақтастықты одан әрі дамыту Қазақстан мен ЕО арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуға және өңірлік қауіпсіздікті арттыруға ықпал етеді деп ойлаймын. Айта кету керек, бұл сапар Самарқандта өтетін Еуропалық Одақ – Орталық Азия саммиті аясында жүзеге асты. Бұл саммит өңірлік ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Оған қатысушылар саяси, экономикалық және қауіпсіздік мәселелері бойынша маңызды шешімдер қабылдап, ЕО мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы серіктестікті нығайтуға септігін тигізеді. Қазақстан бұл саммитте өз көшбасшылық рөлін көрсете отырып, аймақтық интеграция мен тұрақтылыққа бағытталған бастамаларды ілгерілетуі мүмкін. Бұл жиын Орталық Азияның халықаралық аренадағы орнын күшейтіп, өңір мемлекеттерінің стратегиялық мүдделерін ескере отырып, жаңа мүмкіндіктер мен серіктестіктерге жол ашады. Саммит ЕО мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды тереңдетіп, экономикалық және саяси деңгейдегі өзара түсіністікке негізделген ынтымақтастықтың болашағын айқындайды.
Мақала авторы: Жанна Жомарт
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.
Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!