Cronos Asia

Ақшаны қалай тез жинауға болады?

Ақшаны қалай тез жинауға болады?

Коллаж: Cronos.Asia

Бүгінде артық қаражатын қолма-қол ақша күйінде үйінде жинайтындар кемде-кем. Ақшаны сақтаудың және молайтудың ең сенімді әдісі – оларды екінші деңгейдегі бактерге орналастыру. Егер ақша салған банкіңіз лицензиясынан айырылған жағдайда ондағы қаражатыңызды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (бұдан әрі – ҚДКБҚ, Қор) сізге қайтарады. Өйткені ислам банктерін қоспағанда, еліміздегі әрбір екінші деңгейдегі банк депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысуға міндетті. Яғни аталмыш жүйе ақшаны банк салымында сақтаудың қауіпсіздігін барынша нығайта түседі. Бүгінде халыққа ұсынылып жатқан банктік өнімдер жетерлік. Кейде салымшылар қайсысы таңдарын білмей қиналып жатады. Ендеше салымдардың ерекшеліктерін қалай анықтауға болады және қай депозиттің қандай мақсатқа сәйкес келетіндігін қалай білуге болады? Осы мақалада ара-жігін ажыратып көрелік.

Алдымен депозиттерді топтастырып алайық. 2018 жылдан бастап, Қазақстанда салымдардың ресми жіктелімі пайда болды. Ол бойынша салымдар:

• мерзімсіз;
• мерзімді;
• жинақ салымдар болып үш топқа бөлінген

Жоғарыда аталған салымдар өзара ішінара және толығымен алу талаптары, толықтыру мүмкіндіктері және табыстылық деңгейі бойынша ерекшеленеді. Сондықтан өзіңізге қолайлы депозитті қолыңыздағы ақшаның көлемі мен алдыңызға қойған мақсатыңызға қарай таңдағаныңыз абзал. Енді депозиттердің басқа да ерекшеліктерін қарап көрелік.

Бұл салымдардың ішіндегі ең икемдісі – мерзімсіз салымдар. Олардан азайтылмайтын қалдық шегінде кез келген уақытта ақша алуға және ақша салуға болады. Соның арқасында мерзімсіз салымдар қазіргі уақытта халық арасында ең танымал қаржы құралына айналып отыр. Базалық депозиттер[1] көлемінде оның алар үлесі 82,8%-ды[2] құрайды. Дегенмен атап өту керек, мерзімсіз депозиттер табыстылығы жағынан мерзімді, әсіресе жинақ салымдардан кейін қалады.

Қатысушы банктер ең жоғары сыйақы мөлшерлемелерін жинақ депозиттер бойынша ұсынады. Сәйкесінше бұл салымдар бойынша толықтыру және мерзімінен бұрын ақша алу жағынан салымшыларға қатаң талаптар қойылған. Жинақ депозиттерді мерзімсіз салымдарға қарағанда икемді деп айтуға келмейді. Өйткені мұнда мерзімінен бұрын ақша алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Тек салымды толығымен алуға болады. Бұл жағдайда шот жабылады және салымшы бүкіл кезең бойынша есептелген бүкіл сыйақы мөлшерлемесінен айырылады. Сондай-ақ банктер толықтыру құқығы бар, яғни үстінен қосымша ақша салуға болатын және болмайтын жинақ салымдарды ұсынады. Әсіресе толықтыру құқығы жоқ жинақ салымдар бойынша анағұрлым тиімді сыйақы мөлшерлемелері қарастырылған. Осылайша сыйақыларының айрықша жоғары екендігіне байланысты жинақ салымдар халық арасында танымал бола түсуде. Мерзімсіз (+40,5%) және мерзімді (+14,3%) депозиттерге қарағанда жинақ депозиттер соңғы бір жыл ішінде[3] 61,1%-ға өсті.

Мерзімді салымдар – икемді де ұтқыр мерзімсіз салымдар мен табысы жоғары жинақ салымдар арасындағы балама нұсқа. Мерзімді салымар мерзімсіз депозиттерге қарағанда едәуір табысты, ал жинақ салымдармен салыстырғанда едәуір икемді. Мерзімді салымдардан ішінара да толықтай да ақша ала беруге болады – шот жабылмайды, бірақ сыйақы мөлшерлемесі ішінара жойылады. Ал егер мерзімі аяқталғанша ақшаны алмасаңыз, онда көтеріңкі мөлшерде сыйақы аласыз.

Қазіргі уақытта мерзімді және жинақ салымдар бойынша мынадай құбылыс байқалуда: олар бойынша табыстылық салымдарды орналастыру мерзіміне тікелей тәуелді – орналастыру мерзімі қысқа болған сайын мөлшерлеме жоғары және керісінше, орналастыру мерзімі жоғары болған сайын сыйақы мөлшерлемесі төмен. Банктер ұзақ мерзімге ашылған мерзімді және жинақ салымдар бойынша тартымды сыйақылар ұсынбайтын болған. Ондағы мақсат – пайыздық тәуекелдерді барынша азайту. Өйткені болашақта Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесі төмендеуі ықтимал.

Сөз соңында мақаланың басында айтылған сұраққа қайта оралсақ: белгілі бір мақсаттарға депозиттердің қандай түрлері сәйкес келеді?

Банкте салым ашудағы бір мақсат – қолда бар ақшаны қауіпсіз жерде уақытша сақтау және жоспар бойынша таяу уақытта оны кәдеге жарату, яғни жоғары табыс алу көзделмейді. Мұндай жағдайда ең қолайлы қаржы құралы – мерзімсіз салым. Егер үй, көлік және басқа да қымбат мүлікті сатып алуды алдыңызға мақсат етіп қойсаңыз немесе тіпті еңбек демалысына ақша жинауды жоспарласаңыз, мұндай жағдайда сізге ең қолайлы қаржы құралы – әрине, жинақ салым. Ал егер мейлінше жоғары табыс алуды әрі қалаған уақытта салымнан мерзімінен бұрын ішінара ақша алу мүмкіндігіне ие болғыңыз келсе, мұндай жағдайда ақша қаражатын мерзімді депозитте сақтауға болады.

Қалай болғанда да мына қағиданы есте сақтаған жөн: қандай да бір салым түрін ашпастан бұрын, оның шартын толық оқып, толықтыру, мерзімінен бұрын ішінара немесе толықтай ақша алу мүмкіндіктерін, сондай-ақ мысалы, мерзімі аяқталса да салымыңызды алмайтын болсаңыз, банктің салымды келесі мерзімге ұзарту талабы қандай екендігін мұқият зерделеп, ой елегінен өткізіңіз. Олардан басқа, банкті таңдауға жауапкершілікпен қараңыз және әсіресе оның тұрақтылық, сенімділік көрсеткіштеріне, сондай-ақ таңдаған салымыңыз бойынша кепілдік мөлшері қандай екендігіне назар аударыңыз.

Қосымша айта кетелік, Қор тарапынан сақталуына кепілдік берілген өтем сомаларының мөлшері шектеулі және олар салымдардың түріне және қай валютада ашылғандығына қарай әртүрлі болып келеді және теңгемен төленеді. Яғни:

• теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 млн теңгеден;
• теңгедегі барлық өзге салымдар, шоттар және төлем карточкалары бойынша – 10 млн теңгеден;
• және шетел валютасындағы барлық салымдар, шоттар және төлем карточкалары бойынша – теңгелік баламада 5 млн теңгеден асырылмайды.

Егер салымшының бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салымы ашылса, банк лицензиясынан айырылған күнге қарай барлық шоттарда қалған ақшаға, әрбір салым бойынша белгіленген кепілдік сомасын ескере отырып, өтем сомасы есептеледі, бірақ салымшыға берілетін жалпы өтем сомасы 20 млн теңгеден асырылмайды.


Мақалаларды оқыңыз

Қазақстан банк секторының 2024 жылғы 1 мамырдағы жай-күйі туралы

Депозиты: как быстрее накопить деньги?

Exit mobile version