CRONOS Central Asia

«Абай» операсы консерватория сахнасында қайта жаңғырды

КазахстанКультура15.05.2026, 17:11

Құрманғазы атындағы консерватория студенттері «Абай» операсын жаңа интерпретацияда сахналады.

Құрманғазы атындағы консерваторияда «Абай» операсы сахналанды
Фото: kazpravda.kz

Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры арнайы шақырып, Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында өткен «Абай» операсының премьерасын тамашалауға мүмкіндік туды. Т

өрт бөлімнен тұратын бұл қойылымды «Вокалдық өнер» кафедрасының студенттері сахналады. Кеш қазақ руханиятының темірқазығына айналған ұлы ақын, ойшыл әрі композитор Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасына арналған тағылымды мәдени оқиғаға айналды.

Абай операсы
Абай операсы

«Абай» операсы – қазақ ұлттық опера өнерінің ең көрнекті туындыларының бірі. Алғаш рет 1944 жылы сахнаға жол тартқан шығарманың либреттосын Мұхтар Әуезов пен Әбділда Тәжібаев жазса, музыкалық партитурасын Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди құрастырған.

Операда Абайдың халыққа білім мен әділет жолын көрсетуі, адамгершілік құндылықтарды қорғауы және махаббат пен шындық үшін күресі кең көрініс табады.

Қойылым барысында Абай әндері тың қырынан ашылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Операдағы әр көріністен хакімнің адамзатқа деген сүйіспеншілігі мен рухани ұстанымы анық сезіліп тұрды. Сахнада айтылған әрбір сөз бен орындалған әрбір музыкалық партия көрерменнің жүрегіне жол тапты.

Студенттердің орындауындағы күрделі музыкалық-драмалық қойылым кәсіби деңгейімен таңғалдырды. Әсіресе басты рөлді сомдаған жас орындаушы Алихан Бейсеков көрермен ықыласына бөленді. Оның сахнадағы Абай бейнесі тек тарихи тұлғаны емес, халықтың жан дүниесін арқалаған рухани символды елестетті. Әр бөлім аяқталған сайын залдан ұзақ қол шапалақтау мен «Браво!» деген дауыстар үзілмеді.

Жас әртістер Абай әлемін жаңа көзқараспен жеткізе білді. Олардың орындауынан терең философиялық мазмұн мен эмоциялық қуат қатар сезілді. Қойылымда артық декорация қолданылмағанымен, сахналық шешімдер өте үйлесімді шыққан. Әртістердің сахнадағы қозғалысы, мәдениеті мен пластикасы кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін көрсетті.

Абай мұрасы – ұлттың рухани өзегі. Оның қара сөздері мен өлеңдерінде ғылым, еңбек, ар-намыс, әділет пен адамгершілік мәселелері кеңінен қозғалады. Бүгінгі қойылым сол құндылықтарды музыка тілі арқылы қайта жаңғыртқандай әсер қалдырды.

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба»

деген хакімнің өсиеті жас өнерпаздардың өнерге деген жауапкершілігі мен адалдығынан анық байқалды.

Қазақ тілінде орындалған Абай әндері көрермен көңілін тербеп, залдағы ерекше атмосфераны күшейтті. Көпшілік ұлттық өнермен, тарихпен және халықтың рухани жадымен қайта қауышқандай күй кешті. Бұл тек опералық қойылым ғана емес, ұлттық рухпен үндескен терең мәдени кеш болды.

Операда Абай, Ажар, Айдар, Жиренше, Нарымбет, Қарлығаш секілді кейіпкерлер арқылы қазақ қоғамындағы қайшылықтар, махаббат, әділет пен зұлымдықтың тартысы шебер көрсетілді. Әсіресе Абай мен Айдардың ариялары, Ажардың нәзік лирикалық партиялары көрерменге ерекше әсер қалдырды.

Қойылым аяқталған сәтте көрермендер орындарынан тік тұрып, ұзақ уақыт бойы қол соғып қошемет көрсетті. Мұндай шынайы ықылас тіпті үлкен кәсіби сахналарда да жиі кездесе бермейді.

Болашақта қазақ опера өнерінің беделін көтеретін дарынды жастарға, сондай-ақ олардың шығармашылық жолына бағыт берген ұстаздарға, режиссерлерге, вокал мамандарына, дирижерлер мен концертмейстерлерге айрықша алғыс айтқым келеді.

Абайдың:

«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған»

деген сөзі бүгін ерекше мәнге ие болды. Ұлы ақынның мұрасы уақыт өткен сайын жаңғырып, жаңа буын арқылы қайта өмір сүріп жатқандай әсер қалдырды.

Бұл кеш мен үшін жеке тұрғыдан да өте әсерлі болды. Марқұм інімнің есімі Абай еді. Өкінішке қарай, оның ғұмыры тым ерте үзілді. Бүгін сахнадағы жас өнерпаздарға қарап отырып, інімнің бейнесін көргендей болдым. Бір сәт оның күлкісі мен қимылы көз алдыма келгендей әсер етті. Қойылымнан кейін сахнаға көтерілгенімде, бейне бір оны іздегендей күй кештім...

Кеш соңында жас өнерпаздарға ризашылығымды білдіріп, консерватория ректоры Гаухар Тасбергенова ханымға алғыс айттым. Көрермендер мен ұстаздар естелік суретке түсіп, бір-бірімен құшақтасып, ерекше әсермен тарқасты.

Браво! Браво! Браво!

Мақала авторы: Алмаша Аренова, ҚР Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің саяси ынтымақтастық басқармасының басшысы

Перепечатка и (или) переопубликация материалов сайта без письменного разрешения редакции запрещены. При разрешенном использовании обязательна гиперссылка на соответствующую статью на сайте cronos.asia.

Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!

Страны:
Рубрики: