Мектеп тапшылығы: сапалы білім жолындағы кедергілер
Жаңа оқу жылы басталғанда, қордаланған түйткілді мәселенің қылаң беретіні бар. Ол әрине – мектеп тапшылығы.
Елдегі демографиялық ахуал, ішкі көші-қон мәселесінің күшейе түсуі, мектеп құрылысының баяу қарқыны - оқушылардың жайлы мектепте сапалы білім алуын қиындатып келеді. 3 ауысымға негізделген, алфавит әрпін сарқа пайдаланған кей мектептер тапшылықты терең сезінсе де, ескі жарасын бір қасып қойып, бұрыңғы тірлігіне қайтадан кірісуге мәжбүр. Дәл осындай күйді Алматы облысына қарасты Қарасай ауданындағы "Кемертоған орта мектебі" кешіп отыр.
"Баяғы жартас – бір жартас" болғалы қашан. Өзекті мәселе жыл сайын көтеріледі, бірақ көзге көрінер нәтиже жоқ. 2017 жылы ашылған мектеп 7 жыл бойы 5 ауылдың жүгін арқалап келеді. 1200 оқушыға арналған білім ошағы жыл сайын 6 мыңға жуық оқушы қабылдайды. 3 ауысымға негізделген оқу жүйесінде 1 пәнге - бар-жоғы 35 минут арнау мүмкіндігі бар. Осыдан кейін мектептегі білім сапасынан қалай мін іздейсің?! Бұл бір ғана мысал. Еліміз бойынша, дәл осындай күй кешіп отырған 130-дан астам мектеп бар.
Биылғы ахуал
Оқу-ағарту министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2024-2025 оқу жылында республика бойынша 7859 мектеп өз шәкірттеріне есігін айқара ашып, 3,9 миллионннан астам бала білім алады. Биыл еліміз бойынша 1-сыныпқа 352 мың бала қабылданды. Жалпы бұл көрсеткіш алдағы күндері 360 мыңға жетеді деп күтілуде. Сондай-ақ мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың 70 пайызы қазақ тілінде оқуға ниет білдірген екен.
Ұлттық демографияға көз тігер болсақ, 2016 жылы дүниеге келген сәбилер саны тәуелсіздік жылдарындағы ең үздік көрсеткішке жетіп 400 мыңнан асқан екен, ал 2020 жылғы демография ел тарихында рекордтық көрсеткіш орнатты. Болжам бойынша алдағы уақытта бірінші сыныпқа баратын оқушылар саны 400-450 мыңды құрайтын болады. Ал жалпы, мектеп қабырғасында оқитын оқушылар саны 4 млн-нан асып түсері анық.
Байқағанымыздай, орта білім инфрақұрылымы демографиялық ахуалға ілесе алмай келе жатыр. Тіпті, дәл осындай қарқынмен жүрсе, көп ұзамай шаң қаптырары сөзсіз. Бүгінде еліміз бойынша мектептерде 270 мың орынның жеткіліксіз болғаны түк емес. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитеті 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 4 есе өсіп, 1,1 млн оқушы мектеп тапшылығын сезінуі мүмкін деп болжап отыр.
3 ауысымда оқудың зардаптары
3 ауысымда оқитын мектептегі сыныптар параллель 25-30 сыныптардан тұрады. Соңғы жылдары жалпы білім беретін мектептерде 1 "Ю", 1 "Ы" сынды әліпбидің соңындағы әріптерді еншілеген сыныптардың қатары артып келе жатқандығы жасырын емес. Мектепте орын санының жеткіліксіз болуы өз кезегінде әр пәнге бөлінетін уақыт мөлшерін шектеп, ауысым санын арттыратыны белгілі. Тәуліктің 24 сағатын барынша тиімді пайдалануға тырысатын мектеп әкімшілігі 3 ауысымда барлық пәнді қамтып үлгермейтінін жақсы түсінеді. Сондықтан да кей мектептер уақыт мөлшерін шегеріп 45 емес 35 минутқа көшкен. Демек, небәрі 35 минутта ұстаз жаңа сабақты оқытып, 30 оқушының санасына сіңіруі тиіс.
Пәнге бөлінген уақыттың қысқаруынан бөлек, оқушылардың 3 ауысымға бөлінуі бірқатар проблемалар алып келеді. Оның ең бастысы, әрине - балалардың қауіпсіздігі. Соңғы ауысымның балалары қас қарайған уақытта, яғни 19.30 шамасында сабақтан шығады. Бастауыш сыныпта оқитын баланың мұндай мезгілде жалғыздан жалғыз үйге қайтуы өміріне үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Екіншіден, түстен кейін сабаққа баратын баланың оқуға құлқы болмайды. Бала тұрмақ, үлкен адамның миы да күннің алғашқы жартысында белсенді болады. Сондықтан да кешкі уақытта сабақ оқу баланың ойлау қабілеті мен психоэмоционалды жағдайына кері әсер етеді.
Басқа мемлекеттер бұл мәселені қалай шешіп отыр?
Мектеп жетіспеушілігі тек бізде ғана емес, басқа елдерде де бар. Әсіресе, Қырғызстан, Өзбекстан сынды Орта Азия елдері үшін мектептегі орын тапшылығы - күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Бұл мәселені шешу үшін әр ел өзінің мәдени, экономикалық және әлеуметтік ерекшеліктеріне қарай өз әдістерін қолданады. Мысалы, сапалы білім беру жүйесімен танымал Финландия да дәл осындай кедергіге тап болған. Орындардың жетіспеушілігіне жауап ретінде Финляндия билігі бар мектептерді жаңғыртуға және икемді білім беру үлгілерін енгізуді қолға алған. Тәжірибе ретінде аралас сыныптар ұйымдастырылып, онда әртүрлі жастағы және түрлі қабілет деңгейіндегі оқушылар бірге оқиды. Бұл елде қосымша білім беру және онлайн оқыту бағдарламалары да белсенді дамып келеді, бұл дәстүрлі сабақтарды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жапонияда орын тапшылығы көбінесе жаңа мектептер салу арқылы шешіледі. Сондай-ақ, Жапон үкіметі қараусыз қалған зауыттар немесе кеңсе ғимараттары сияқты бос ғимараттарды белсенді түрде пайдаланып, оларды білім беру қажеттіліктеріне бейімдейді. Бұл стратегия оқушылар үшін қосымша орын санын қалыптастырудың тиімді жолы болып саналады.
Германия бұл меселені үлкен инфрақұрылымдық инвестициялар арқылы шешеді. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан жаңа білім ошақтарын салуға және бұрыннан барларын жөндеуге қаржы бөлінуде. Сонымен қатар, елде неміс тілін білмейтін балалар үшін арнайы сыныптар дайындау, сол арқылы олардың бейімделуіне және мектептерге бағыттауға ықпал ететін мигранттарды интеграциялау бағдарламалары белсенді түрде әзірленуде.
Мектеп тапшылығын сезінген Сингапур тез салынып, оқушылар санына бейімделетін модульдік мектептерге инвестиция құйып отыр. Бұған қоса, Сингапурдың білім беруді басқару жүйесі қолдағы ресурстарды барынша пайдалана отырып, оқушыларды мектептерге бөлу үшін интеллектуалды алгоритмдерді пайдаланады.
"Жайлы мектеп" жобасы
Біздегі статистикалық мәліметке көз жүгіртсек, жыл сайын елімізде шамамен 85-90 мектеп бой көтереді. Бұл қарқынның екпінімен жүрер болсақ, мектеп тапшылығын жою үшін 15 жылға жуық уақыт қажет болады. Ескірген мектептерді қалыпқа келтіру мәселесі бөлек әңгіме. Жыл сайын олардың да қатары арта түсерің анық. Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметі бойынша, елімізде 71 мектеп апаттық жағдайда деп танылған.
Мектеп тапшылығы мәселесін шешу мақсатында мемлекет басшысы "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын жүзеге асыруды тапсырып, 2030 жылға дейін еліміздегі барлық мектеп тек бір ауысымдық оқыту жүйесіне негізделуі тиіс екендігін атап өтті. «Ұлттық жоба мектептегі орын тапшылығын, 3 ауысымдық оқыту жүйесін, апаттық жағдайдағы мектептерді жоюға бағытталған.
"2024–2025 жылдары 740 мың оқушыға арналған 369 мектеп құрылысы жоспарланып отыр, оладың 208-і ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Құрылыс бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылып, ауылдық жерлерде 163 мектеп салынатын болады. Ауқымды жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн теңге қарастырылған. Мектептерді жобалауға және салуға Samruk-Kazyna Construction ұйымына тиісті қаржыландыру бөлінді", – деп 2024 жылдың ақпанындағы ҚР Үкіметінің отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
Ұлттық маңызы бар жоба 3 жылдың ішінде мектепке қатысты түйткілді мәселелерді шешіп бермек. Яғни, мектептегі орын тапшылығы, 3 ауысымдық оқыту, апаттық жағдайдағы ескі мектептер түбегейлі жойылады деп күтілуде. Сан мен бірге сапа да артып, мектептер заманауи құрылғылармен, жылдамдығы жоғары интернет және кәсіби білікті мамандармен қамтамасыз етілмек. Қысқасы, халықтың бұл жобадан үміті көп. Тек құрғақ сөз бен бос уәдеден құрылған «100 мектеп, 100 аурухана» жобасы сияқты сәтсіздікке ұшырамасын деп үміттенейік.
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на cronos.asia.
Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!