CRONOS Central Asia

Astana 2027 әлем чемпионаты Қазақстанға мыңдаған турист тартады

КазахстанГорода05.06.2026, 17:43

Astana 2027 әлем чемпионаты Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылар мен туристерді әкеледі.

Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионатына дайындық және туризмді дамыту бағдарламасы
Источник: gov.kz

Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионатына дайындық аясында Астанада Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясы мен туризм саласының жетекші өкілдері арасында жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Іс-шараға туроператорлар, туристік компаниялар және чемпионатты өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің мүшелері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – 2027 жылы елордада өтетін әлем чемпионаты кезінде шетелдік қонақтарды қабылдау, туристік инфрақұрылымды тиімді пайдалану және халықаралық деңгейдегі сервисті қамтамасыз ету мәселелерін талқылау болды.

Ұйымдастырушылардың болжамынша, әлемдік додаға спортшылармен қатар халықаралық федерациялардың өкілдері, ресми делегациялар, бизнес қауымдастық мүшелері және мыңдаған жанкүйер келеді. Әсіресе Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Таяу Шығыс мемлекеттері мен Еуропа елдерінен келетін туристер саны жоғары болады деп күтілуде.

Алдын ала деректер бойынша, чемпионатқа 1 500-ден астам ресми делегат қатысады. Бұл жарыс Орталық Азия үшін тарихи оқиға саналады, себебі үстел теннисінен әлем чемпионаты өңірде алғаш рет ұйымдастырылмақ.

Шетелдік қонақтар мен жанкүйерлер үшін бірнеше бағыттағы туристік өнімдер әзірленеді. Олардың қатарына жарыс билеттері, қонақүй қызметтері, көлікпен қамтамасыз ету, экскурсиялық бағдарламалар, ұлттық мәдениетпен таныстыру шаралары және арнайы кәдесый топтамалары енгізіледі.

Сонымен бірге қатысушылар мен жанкүйерлерге арналған ерекше форматтағы бағдарламалар дайындалады. Атап айтқанда, танымал спортшылармен кездесулер өткізу, арнайы іс-шараларға қатысу және чемпионаттың жабық аймақтарына қолжетімділік беру қарастырылуда.

Ынтымақтастық бағдарламасы аясында ұйымдастыру комитеті туризм нарығының қатысушыларына ресми билет қорына қол жеткізу мүмкіндігін, чемпионат брендімен туристік ұсыныстар әзірлеу құқығын, ресми серіктес мәртебесін алу мүмкіндігін және кешенді ақпараттық қолдауды ұсынбақ.

Туроператорлар өз тарапынан халықаралық нарықтарға бағытталған туристік өнімдерді қалыптастырып, оларды сатумен айналысады. Сонымен қатар шетелдік қонақтардың сапарын ұйымдастыру, логистикалық қызмет көрсету және чемпионатты өз елдерінде насихаттау міндетін атқарады.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай серіктестік Astana 2027 әлем чемпионатының халықаралық танымалдығын арттырып қана қоймай, Қазақстанның туристік әлеуетін көрсетуге де мүмкіндік береді.

Astana 2027 жобасы спорттық жарыс шеңберінен асып, халықаралық туризмді дамытуға, жаңа экономикалық байланыстар орнатуға және Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін нығайтуға ықпал ететін маңызды оқиғаға айналмақ.

Перепечатка и (или) переопубликация материалов сайта без письменного разрешения редакции запрещены. При разрешенном использовании обязательна гиперссылка на соответствующую статью на сайте cronos.asia.

Подписывайтесь на Telegram-канал Central Asia Cronos и первыми получайте актуальную информацию!

Страны: