6 желтоқсан күні кәсіпкерлікті дамыту, инновациялар мен ақпараттық технологиялар және креативті индустрия жөніндегі тұрақты комиссия Қайрат Құдайбергеннің басшылығымен «ЛЭУ» –ланшафты-көгалдандыру компаниясында болды. Сонымен қатар, кездесуге депутаттар Қуаныш Турабаев, Константин Авершин, Ералы Сауранбаев пен Алматы қаласы халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нұржан Аутали қатысты.
Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы азаматтарды тұрақты және уақытша (қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік қызмет) жұмыспен қамтуға ықпал етеді. Жастарға арналған «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Жаңа буын келісімшарты» атты арнайы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, қаламызда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыратын «Еңбекпен қамту жол картасы» жұмыс істейді.
Мәслихат депутаттарының тағы бір міндеті мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын тексеру. ЛЭУ қала әкімдігімен өзара бірнеше еңбекпен қамту бағдарламасы бойынша әріптестік жүргізіп келеді. «Біздің компанияда 300-ден аса адам жұмыс істейді. Олардың 160 қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы қабылданған», - деді «ЛЭУ» компаниясы директорының орынбасары Анна Башинская.
Депутаттар абаттандыру мен көгалдандыру бойынша туындайтын мәселелерді қарастырды. Мәселен, кәсіпкерлер қаламызда жаңа отырғызылған ағаш көшеттеріне күтім жасайтын мемлекеттік және жеке меншік бірлескен жобасы жоқ екендігін айтты. Қала құрылысы саласында абаттандыру мен көгалдандыру кешенді құрылыс жобасының бір бөлігі саналады. Оның адам өмірінде алар орны да ерекше, қоршаған ортаға ықпал етеді. Сол себепті де Мәслихат депутаттары қала сәулетшілерінің жобаларына ғана емес, «жасыл бизнес» өкілдерінің жұмыстарына да көп көңіл бөлмек.
Кез келген материалды қолдану үшін cronos.asia сайтына гиперсілтеме жасаңыз.
Central Asia Cronos Telegram-каналына жазылып, өзекті ақпаратты бірінші болып біліңіз!