Cronos Asia

Энергия болашағы: атом энергетикасына мұқтажбыз ба?

Энергия болашағы: атом энергетикасына мұқтажбыз ба?

Қазақстанда атом электр станциясын салу – күн тәртібінде тұрған, қоғам талқысынан түспейтін мәселенің бірі болып тұр. Білікті сарапшыларды да, қарапайым халықты да алаңдатып қойған АЭС салу төңірегінде қоғамды дүрліктірген даулы мәселе көп.

Айта кеткен жөн, Қазақстан бүгінде уран өндіруден көш бастап тұр әрі атомдық зерттеулер саласында еліміздің өзіндік тәжірибесі бар. Бәлкім, АЭС салу туралы шешім қабылдаудың маңыздылығы осыған кеп тірелсе керек. Елімізде уран мен жылу бөлетін элементтерді өндіру жолға қойылған, бұл бізге ядролық отынмен өзімізді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретіні рас. Дегенмен, АЭС салу мәселесі төңірегінде қарапайым халық пен сарапшылардың пікірі екіге бөлінген: бірі бұл отын түрінен болашақ көрсе, енді бірі әкелуі мүмкін зардабынан қорқады.

АЭС салудың артықшылықтары

Энергетикалық қауіпсіздік пен тәуелсіздік. Қазақстан – электр энергиясын көп мөлшерде пайдаланатын елдің бірі және қуаттың едәуір бөлігі көмірді пайдалану арқылы өндіріледі. Көмір энергетикасы өзінің арзан болуына қарамастан, атмосфераға көп мөлшерде көмірқышқыл газының бөлінуіне себепші болып, ауа қабаттарының ластанып, нәтижесінде климаттың өзгеруіне әкеледі. Ал атом энергиясы, керісінше, парниктік газдарды ауаға бөлмейді деп айтсақ болады. АЭС салу елдің көмірге тәуелділігін азайтып, ұзақ уақыт бойы тұрақты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етуі мүмкін.

Технологиялар мен инвестицияларға қолжетімділік. Қазақстан қазірдің өзінде уранның айтарлықтай қорына ие, ал АЭС салу ядролық энергетикамен байланысты жоғары технологиялық салаларға қолжеткізуге мүмкіндік берер еді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, Қазақстанмен ынтымақтасуға мүдделі шетелдік инвесторларды тартуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, ядролық энергетикаға өтсек, елдің технологиялық дамуына серпін береміз.

Экологиялық тұрақтылық. Жаһандық көміртек шығарындыларын азайтуға бағытталған шаралар аясында атом энергетикасы "жасыл" экономиканың маңызды элементі ретінде қарастырылады. Көмір немесе газ электр станцияларынан айырмашылығы, АЭС СО2 және басқа да зиянды заттардың қалдықтарын аз мөлшерде өндіреді. Бұл атом энергетикасын көміртек мөлшерін азайтуға ұмтылған елдер үшін экологиялық тұрғыдан тартымды етеді.

АЭС кемшіліктері

Апаттар қаупі және экологиялық салдары. Адамдардың АЭС салынуына қарсылық танытуының ең басты себебі – апат қаупі. 1986 жылы Чернобыль АЭС-індегі және 2011 жылы Фукусима АЭС-індегі апаттар - заманауи қауіпсіздік жүйелері де апаттың алдын алуға толық кепілдік бере алмайтындығын көрсетті. Мұндай оқиғалардың салдары экологияға да, халықтың денсаулығына да үлкен зардабын әкеледі.

Ядролық қалдықтарды утилизациялау мәселесі. АЭС радиоактивті қалдықтарды шығарады, ал оларды жою күрделі және қымбат процесс болып табылады. Қауіпсіздік стандарттары қатаң сақталған күннің өзінде радиоактивті материалдарды сақтау болашақ ұрпақ үшін үлкен мәселе болып қала береді. Қалдықтарды басқару мәселелері экологияға қосымша шығын мен қауіп тудыруы мүмкін.

Әлемдік тәжірибе

Әлемдік тәжірибеге үңілер болсақ, атом энергетикасы көптеген елдер үшін энергияның маңызды бөлігі екендігін аңғаруға болады. Солардың бірнешеуіне шолу жасап өтейік:

Франция. Франция — алдыңғы қатарлы елдердің бірі ретінде атом энергетикасын кеңінен қолданады. Елдегі электр қуатының шамамен 70%-ын атом электр станциялары өндіреді. Уақыт өте келе атом энергиясына тәуелділікті азайту туралы пікірталастардың туындағанына қарамастан, Франция атом технологияларын дамытуға инвестиция құюды жалғастырып келеді. Бұл елдегі көмірқышқыл газ қалдықтарының таралуын төмен деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Германия. Бұған кері мысал ретінде Германияны алсақ болады. 2011 жылы Фукусимадағы апаттан кейін неміс үкіметі атом энергетикасынан біртіндеп бас тарту туралы шешім қабылдады. Energiewende бағдарламасының аясында ел жел және күн сияқты жаңартылатын энергия көздеріне көшіп жатыр. Алайда атом электр станцияларынан бас тарту – көмір энергетикасын пайдалануды арттырып, бұл өз кезегінде экологиялық проблемалар тудырып отыр.

Жапония. "Фукусима-1" атом электр станциясындағы апаттан кейін Жапонияда атом энергиясын пайдалану күрт төмендеді. Көптеген реакторлар уақытша тоқтатылды, ал кейбіреулері түпкілікті жабылды. Соған қарамастан, энергия тасымалдаушы ресурстардың импортына тәуелділік пен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты ел кейбір атом электр станцияларының жұмысын қайта жаңғырту мүмкіндігін қарастыруға мәжбүр.

Ресей. Көрші ел атом энергетикасын белсенді дамытып келеді, Ресейде ондаған атом реакторлары жұмыс істейді. Сонымен қатар, Ресей атом технологияларын экспорттаушы жетекші елдердің бірі болып табылады, АЭС-ке реакторлар мен қызметтерді басқа елдерге жеткізеді. Ресей тәжірибесі қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, инфрақұрылымды дамытқан жағдайда атом энергетикасының салыстырмалы түрде қауіпсіз әрі экономикалық тұрғыда тиімді болатынын көрсетеді.

АЭС – ел дамуындағы маңызды қадам

ҚР Энергетика Министрлігінің 2023 жылғы ақпараты бойынша, ел аумағында атом электр станциясын салып бере алатын төрт үміткер компания бар екен. Олардың қатарында Қытайдың CNNC корпорациясы, Оңтүстік Кореяның KHNP компаниясы, Францияның EDF және Ресейдің "Росатом" компаниясы аталды.

Жақында Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдың 6 қазанында АЭС құрылысына қатысты республикалық референдум өтеді деп белгіленді. Айтпақшы, мамандар жалпыұлттық референдумды өткізудің құны – 15,5 млрд теңгені құрайтынын атап өтті.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, атом электр станцияларын табысты пайдалану тек қауіпсіздік стандарттарын қатаң сақтағанда және мемлекеттік саясат ашық болғанда ғана мүмкін. Бұл мәселеде Қазақстан барлық артықшылықтары мен кемшіліктерін саралап, сарапшылардың пікірін ескеріп барып, түпкілікті шешім қабылдау қажет. Себебі, атом энергетикасы - энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізу, технологиялық дамуға және экологиялық тұрақтылыққа жету жолында маңызды қадам бола алады.

Exit mobile version