Cronos Asia

Сырлы Ыстамбұл: әрбір саяхатшы көруге тиіс орындар

IMG 20211128 131527 1 Cronos Asia

Сан ғасырлық тарихы бар, мәдениеті бай Ыстамбұлды әлемнің түкпір-түкпірінен көрсем деп армандап келетін саяхатшылардың қарасы жыл сайын көбеймесе, азаяр емес. Өзінің көрікті келбетімен, бояуы қанық мәдениетімен алып шаһар жақын түгіл, алыстағыны да арбап тұратын тәрізді.

Бірден айта кетейік, бұл үлкен мегаполисті 4-5 күнде аралап шығу мүмкін емес! Қаланың тыныс-тіршілігімен жақсы танысу үшін екі аптаның өзі аз болуы мүмкін. Көрікті Ыстамбұлдың әр бұрышы тарихтың терең қойнауынан сыр шертеді. Солардың ең негізгілеріне тоқталып өтейік.

Босфор бұғазы

Ыстамбұлды Босфорсыз елестету қиын. Қаланың көркін екі еселеп тұрған бұл бұғазды көпшілік «Ыстамбұлдың жүрегі» деп атайды. Көне шаһардың тарихында болған ірі шайқастарға себеп болған Босфор бұғазы өзінің сұлулығымен кез келген саяхатшының жүрегін жаулап алары даусыз. Сондықтан да қаламен танысуды, ең әуелі, осы бұғаздан бастағаныңыз жөн.

Еуропа мен Азияның шекарасы іспеттес бұғазда кемемен жүзіп, шарқ ұрған шағалаларды тамашалап, теңіздің саф ауасын жұтқанға не жетсін?!

Ыстамбұл мешіттері

Сәні мен сәулеті жарасқан мешіттер – Ыстамбұлдың символы деп айтсақ та болады. Қалада 3000-нан астам мешіт бар. Олардың көпшілігі Константинополь заманында шіркеу қызметін атқарып, кейін Осман империясы билік құрған тұста мешітке айналған.

Қаланың негізгі туристік нысанына айналған, көнеден келе жатқан негізгі үш мешіт бар. Ол - орталықта, бір-біріне қарама-қарсы орналасқан Сұлтанахмет пен Айя София мешіті және жер аумағы алдыңғы екеуінен үлкенірек Сүлеймение мешіті.

Сүлеймение мешіті – биік шыңда орналасқан, аумағы өте үлкен мәдени нысан. Кешен бүтіндей бір ауданның аумағын алып жатыр. Оның құрамына мешіт пен қатар, оқу орталықтары, кітапхана, обсерватория, монша кіреді. Сүлеймен патша мен оның жары Хюрремнің мазары да мешіт аумағында орналасқан.

Долмабахче сарайы

Бұл сарай Осман империясының салтанатын, үстемдігі мен шексіз байлығын көрсетеді. Сарай Еуропа архитектурасына тән барокко үлгісінде салынған.

19 ғасырдың ортасында І Әбдул-Мәжид сұлтанның бұйрығымен салынған сарай сол заманда ең қымбат нысандардың бірі болған. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, сарайды алтынмен аптау үшін 14 тонна алтын қолданылған екен. Ескере кететін бір жайт, мәдени нысанның ішкі сәулетін суретке түсіруге рұқсат жоқ.

Гранд базары мен Египет базары 

Ыстамбұлға келіп, жергілікті базарды көрмей қайту – қала мәдениетімен шала-шарпы танысумен тең. Бұл екі базар тек сауда орталығы ғана емес, ел мәдениетінің кешегісі мен бүгінінен хабар беретін орын. Гранд базарының үлкендігі соншалық, мұны бір жеке қалашық деп атауға болады. Себебі, бұл базар 61 көшеден құралған. Тіпті, өзінің жеке мектебі, моншасы, 12 мешіті бар.

Ыстамбұл көшелері

Әрине, мәдени нысандардың орыны бөлек. Бірақ, ең ерекше әсерді Ыстамбұл көшелерін аралау барысында аласың. Бірде өр, бірде ылдиға жетелейтін тар көшелердің атмосферасы ерекше!

Өз заманында әйгілі қолбасшы Наполеон Бонапарт: «Егер бүкіл әлем бір мемлекет болса, сөзсіз, сол мемлекеттің астанасы Ыстамбұл болар еді» деген екен. Бұл пікірдің жаны бар. Сәні мен салтанаты үйлескен, бояуы қанық, әр алуан өркениеттің тоғысқан мекені болған Ыстамбұлды Еуропа мен Азияның ортақ жақұты десек болады.


Кез келген материалды қолдану үшін cronos.asia сайтына гиперсілтеме жасаңыз.

Central Asia Cronos Telegram-каналына жазылып, өзекті ақпаратты бірінші болып біліңіз!

Exit mobile version